Оның жартысы - сазан, жартысы - ақ амур тұқымы. Балық қорын молайту мақсатында аймақтағы табиғат пайдаланушылар бұл шаруаны жыл өткен сайын ширатып келеді. Биылғы ерекшелігі - суға жіберілген ақ амур балығының шабақтары осы жерде қолдан ұрықтандыру арқылы алынған. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанды жөн көрген Күршім ауданындағы балық өсірушілердің берекелі тірлігі туралы келесі бейнематериалда.
Су қоймасына 1,5 млн-ға жуық балық шабақтарын жіберген Күршім ауданындағы «Төре Тоғам» серіктестігі. Шаруашылық,әсіресе, суы тартылып қалған тоғандарға ерекше көп көңіл бөледі.
Асылбек Әділбеков, «Төре-тоғам» ЖШС директорының орынбасары:
- Ғылымның берген рекомендациясы бойынша 1 млн. 410 мың сеголетка балықтарды жіберуіміз керек. Оның 705 мыңы ақ амур, 705 мыңы карп. Қазір міне, оларды көлге жіберіп жатырмыз.
Бұқтырма уылдырық шашу-шабақ өсіру шаруашылығының мамандары биыл алғаш рет ақ амур балығын қолдан ұрықтандырып, 6 миллионға жуық шабақты өсіріп шығарды. Ақ амур балығын «тазалаушы балық» деп те атайды. Себебі, олар судағы өсімдіктермен қоректеніп, су қоймасының санитарлық жағдайын жақсартады.
Сымбат Әнуәрбеков, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының филиал директоры:
- Қолдан ұрықтандыру жасап, ең бірінші балықтың шабақтарын алдық. Сол балықтың шабақтары жақсы өсті, орта салмағы 35 грамм. Оларды қазір жібергенде 4,9 пайызы кәсіптік аулауға қайтады, яғни, кәсіптік аулауда да өзіндік үлесін қосады.
Бұған дейін өңірдің табиғат пайдаланушылары ақ амур шабақтарын елдің оңтүстігінен тасымалдайтын. Бұл, біріншіден, шығыны көп шаруа, екіншіден, жылы жақтан жеткізілген желбезектілердің шығыстың табиғатына бейімделуі қиын. Ал, қолдан ұрықтандыру арқылы мәселе жан-жақты әрі оңтайлы шешіліп отыр.
Сейсанғазы Чукаев, Күршім ауданының әкімі:
- Осы табиғатта өскен балықты осы табиғатқа жіберетін болсақ, мен ойлаймын, бұл жерге тиімділігі жақсы. Бір жағынан экономикалық тұрғыдан да бұның тиімділігі бар. Мәселен, бұл мекеме жұмыс істесе, қазіргі уақытта 50-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Аз емес, миллиондаған қаражат бюджетке төленіп жатыр.
Ауданның табиғат пайдаланушылары былтыр су қоймаларына 170 мың шабақ жіберсе, биыл көрсеткіш он есеге дейін артқан. Шаруашылықтар мұнымен шектелмек емес. Жыл өткен сайын өндірісті өркендетіп, балық қорын ұлғайтуды көздеп отыр.
Зарина ҰЛЫҚБЕК