«Қара берет» үшін үміткерлер сынақтан өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қара берет» үшін үміткерлер сынақтан өтті

09.10.2017

Мемлекеттік күзет қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің айырым белгісі бар. Ол «Қара берет». Алғаш рет бұл белгі 2007 жылы енгізілген еді. Содан бері «Қара берет» ең үздік қызметкерлерге табысталып келеді. Өткен демалыста осы абыройлы белгіге тағы да үміткерлер жинақталып, олар қиын сынақтардан өтті.

«Қара берет» қара термен келеді. Мұны әскерилер әуелден біледі. Бірақ, сол белгіні бағындырғандардың беделі үстем, абыройы асқақ. Сол себепті, биыл да 40-қа жуық үміткер «Қара берет» үшін сынға түсті.

Сынақ бірнеше кезеңнен тұрады. Үміткерлер теориялық тапсырмаларды орындап, ұзақ қашықтыққа жүгіріп, түрлі кедергілерден өтіп, салқын суды кешіп, қару-жарақпен шеберліктерін көрсетті.

Айдын Мұқатов, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің нұсқаушысы:

- Жылдан жылға өзгеріс болып жатыр. Былтырғыға қарағанда биыл қиын. Балалар жүріп жатыр.

Күрес мұнымен бітпеді. Талай сүрлеуден өткен жауынгерлер әбден шаршады. Енді соңғы сынақ. Жұдырықтасу. Әр сарбазға 4-5 қарсыластан ауысып отырып, жығуға тырысады.

Нұрсұлтан Бекбатшаев, «Қара берет» иегері:

- Бізге қойылған мақсат тұрып беру еді. Тұрып бердім.

Міне, осылайша, барлық кезеңге шыдап, барлық тапсырманы орындаған 7 қызметкер ғана «Қара беретке» ие болды.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу