Бүгін таңертең Қарағанды облысының Шахтинск қаласында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Қазақстан» шахтасында 614 метр тереңдікте апат болып, 3 кенші қаза тапты.
Таңғы сағат төрттер шамасында кенеттен метан газы ауаға тараған. Тағы бірнеше кенші ауруханаға жеткізілді.
Қайтыс болған үш адамның мәйіті де бірден табылды. Марқұмдардың кім екені анықталды.
Сондай-ақ, метан газынан уланған 4 кенші Қарағандыдағы облыстық медициналық ауруханаға жеткізілген. Бүгін бірі денсаулығы жақсарған соң үйіне жіберілген.
Қазір оқиға орнында Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің кәсіби әскери апат-құтқару мамандары, төтенше жағдай қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы штаб құрылған. Ал, құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаға байланысты шахтадағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуы жөніндегі сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кетті. «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты көмір департаменті басшылығы марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімін компания толықтай өз мойынына алатынын айтты.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ