Қарағанды облысының әкімі шахта апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының әкімі шахта апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты

01.09.2017

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Қазақстан» шахтасындағы апатта қаза тапқан кеншілердің отбасына көңіл айтты. Аймақ басшысы марқұмдар Рустам Ахметжанов, Валерий Руденко, Максим Шебановтың үйлеріне арнайы барды. Сондай-ақ, «Арселор Миттал Теміртау» басшылығы туған-туыстарына қолдау білдіретінін жеткізді. Компания көз жұмған қызметкерлерінің отбасыларына он жылдық еңбекақыларын төлейтін болды. Ұжымдық еңбек келісімшартына сәйкес жұмыс беруші марқұмдардың артында қалған 6 баласының жоғары оқу орындарында білім алуын қаржыландыруға міндеттеліп отыр. Қазір әр отбасына қандай көмек керектігі анықталып жатыр. Қажет болса, қайтыс болған азаматтардың несиелері де өтелмек. 

Естеріңізге салайық, 31 тамыз күні сағат таңғы 4-те Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» шахтасында кенеттен метан газы тарап, 3 кенші қаза тапты. Қазір оқиғаның анық-қанығы тексеріліп жатыр.

Хабарламаларға жазылу