9 маусым Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Қазақстанда лаңкестік актті құрбандарын ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
9 маусымның 00 сағатынан бастап өңірде тулар түсіріліп, мәдени-көпшілік, спорттық және ойын-сауық шаралары кейінге шегерілді, жергілікті арналарда ойын-сауық телерадио бағдарламалары тоқтатылды.
Ұлттық аза тұту күнінде ақтөбеліктер мен қала қонақтары қайғылы оқиға болған орындарға гүл шоқтарын қойып, лаңкестік әрекет кезінде қаза тапқандардың рухына құрмет көрсетті.
6655 әскери бөлімінде аза тұту митингі өтіп, «Пантера» дүкеніне гүл шоқтары қойылды. «Нұр Ғасыр» мешітінде қаза тапқандардың рухына құран бағышталды.
5 маусым күні белгісіз топ Ақтөбедегі екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге қарулы шабуыл жасады. ІІМ-нің мәліметінше шабуылға қатысушылардың дені ұсталған, 6 адам іздестірілуде. Шабуыл салдарынан 7 адам қайтыс болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жергілікті билік лаңкестік әрекеттен зардап шеккен және қайтыс болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуде.