Қазақстанда Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды (ВИДЕО)

06.10.2016
Қазақстанда Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды (ВИДЕО)

Елбасы Нұрсултан Назарбаев Қазақстанда Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құру турала Қаулыға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) құрылсын.

Қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылық Министрлік қызметінің негізгі бағыттары болып айқындалсын.

Жаңадан құрылған Министрлікке:

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен – қорғаныс өнеркәсібі саласындағы;

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінен – ғарыш қызметі саласындағы;

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінен – жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы;

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінен – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілсін.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетін, Аэроғарыш комитетін және Мемлекеттік материалдық резервтер комитетін құруды;

2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:

1-тармақта:

«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;» деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;».

4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының Президенті                                                                                                     Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2016 жылғы 6 қазан

№  350

Хабарламаларға жазылу