Облыстық Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне келіп түскен жедел ақпаратқа сәйкес, қылмыстық топ әйелдерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу үшін шет мемлекеттерге жіберумен айналысқан.
Тәртіп сақшылары арнайы операция кезінде күдіктілерді оқиға орнында қолға түсірді.
Топ мүшелері талдықорғандық екі бойжеткенді жұмысқа жіберу үшін саудалап жатқан сәтінде ұсталды.
Дарын Арыстанбеков, облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қазіргі кезде адам саудалау фактісі бойынша ҚР ҚК 128-бабының 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасының үш азаматшасы күдікті деп танылып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта екеуі қамауға алынды. Ал, олардың заңсыз әрекетін қаржыландырып отырған үшінші азаматша шетелде жүр. Қолға түсіріп, тиісті жауапкершілікке тарту бойынша шаралар жүргізілуде.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ