Ұлан ауданындағы шаруа «Өсіп тұрған көкөністерімді 7 сиыр жеп кетті» деп, малдың иелерінен 272 тонна өнімнің құнын өндіріп алуды көздеп жүргенін өткен аптаның соңында айтқан едік.
Қожалық басшысы Намиг Гасанов егістік алқабынан 16 миллион теңгенің өнімін алуды жоспарлап қойғанын алға тартып, «Осы соманы ауылдағы 7 отбасы төлеп берсін», деп талап еткен.
Қос тарап екі ай бойы дауласып, ақыры сотта кездесті.
Ұлан аудандық соты мәселе бойынша екі тарапты мұқият тыңдап, қожалық басшысының талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды.
Сиырларының егістік алқаптағы көкөністердің тапталуына ешқандай қатысы жоқ екенін дәлелдеген ауыл тұрғындары сот шешіміне дән риза.
Әбдіғалым Қабыкейұлы, Мамай батыр ауылының тұрғыны:
Сот Гасановтың арызы бойынша әділ шешім шығарды. Оның өтірік айтқаны әу бастан белгілі. Біздің пайдамызға шешіп берді. Рахмет айтамыз.
Берік КӨШЕРБАЕВ