Бүгін ұлық мереке - Тәуелсіздік күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін ұлық мереке - Тәуелсіздік күні

16.12.2014
Бүгін ұлық мереке - Тәуелсіздік күні

Қазақстан халқы азаттық алып, аңсаған арманына жеткен айтулы күнді 23-ші рет қарсы алып отыр. Егемен еліміз үшін мейрам мен тойдың атасы – Тәуелсіздік күні екендігі даусыз. Қазақстан бүгінде  өзге елдермен тереземіз теңесіп, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп келе жатқан ел.

23 жылда қыруар істер атқарылды. Ең бастысы, елдіктің іргетасы қаланды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерде өз ұстанымын паш ете алатын мемлекет екенімізді мойындаттық. Мұның барлығы дербестіктің, Тәуелсіздігіміздің арқасы.

1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» Заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің мерейін нығайта түсті.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары, екінші болып Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Бұдан әрі Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті таныды.

Осылайша, әлемдік саясат аренасында Қазақстан деген жаңа мемлекет пайда болды.  Небәрі бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің Тәуелсіздігін қуаттап, дипломатиялық қатынастар басталды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан төрткүл дүниеге танымал болып, ғасырларға тең жолдан өтті. Қазақстанның бастамалары бүгінде бүкіл әлемге танымал. Еліміз алыс-жақын жұрттармен аралас-құралас байланыста, стратегиялық әріптестікте Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылықтың негізі болып келеді.

Тәуелсіздік тек Қазақстан тұрғындары үшін емес, сонымен бірге, шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке.

«Тәуелсіздік – жасампаз халқымызға сарқылмас қуат беретін, көзіне нұр, көңіліне шуақ құятын кәусар бұлағымыз.  Біз кемеңгерлігі мен көрегендігі, бірлігі мен бірегей мақсаткерлігі қатар өрілген Мәңгілік Елімізді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны баянды етіп, нығайту міндеті біздің маңдайымызға жазылды. 

Біз Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мәңгілік Елдің жүрегіне айналған  мәңгілік Астанамызды тұрғыздық. Мәңгілік мызғымас экономика қалыптастырып, Мәңгілік өшпес  жылнама жаздық.  Мәңгілік болашаққа жол салдық.

Осының барлығы Тәуелсіздігіміздің тартуы, азаттығымыздың асыл қазынасы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!»,-деді Мемлекет басшысы 14 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Хабарламаларға жазылу