Мәскеуде Қазақ елінің Тәуелсіздік күні тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Қазақ елінің Тәуелсіздік күні тойланды

13.12.2018

Еліміздің Тәуелсіздік күніне арналған шаралардың алды шет мемлекеттерде де өте бастады. Мәселен, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі осынау ұлық мерекеге орай салтанатты қабылдау өткізді. Бұл Мәскеудегі қазақ дипломаттары үшін жыл бойында ұйымдастырылатын түрлі шаралардың ішіндегі ең маңыздысы саналады.

Себебі Тәуелсіздік – барша қазақ үшін қастерлі ұғым. Мереке қарсаңында өткен жиынның барысын және оған қатысқан қонақтардың еліміз жайлы ой-пікірін Ресейдегі тілшіміз Нұртас Солтанұлы жеткізеді.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Қазақ елінің Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты кешке Ресейдің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнер адамдары, шетелдік дипломаттар мен қазақ диаспорасы көп жиналды.

Елімізді ұлық мерекемен құттықтап келген мәртебелі меймандар, Қазақстанның Тәуелсіздік алған уақыттан бергі жүріп өткен жолына жоғары баға берді. Біз сұхбаттасқан қайраткерлердің пікірінше, еліміз тарих үшін қысқа уақытты ішінде саясаты тұрақты, экономикасы қуатты елге айналды. 

Олег Сосковец, ресейлік тауарөндірушілер одағының президенті:

Бүкіл Қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бұл мереке Қазақстанның гүлденгенін, көркейгенін көрсетеді. Тәуелсіз Қазақ елін дамытудағы Тұңғыш Президенттің рөлі орасан зор. Соның арқасында қазір елдеріңіз әлемдік геосаясатта өзіндік орны бар, беделді мемлекетке айналды.

Сергей Когогин, «КамАЗ» ашық акционерлік қоғамының бас директоры:

Тәуелсіздік алған уақыттан бері, посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің ішінде Қазақстанның тұрақты дамып жатқаны бізді қуантады. Сауатты экономикалық саясаттың арқасында, қазір Қазақстанда бизнеске қолайлы жағдай жасалған. Біздің компания ұзақ жылдардан бері Қазақстанға инвестиция құйып келеді. Байланыстарымыздың алдағы уақытта да беки беретініне сенімдімін.  

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Кеш барысында қазақтың ұлттық дастарханы жайылып, мерекелік концерт өтті. Жиынға келген қонақтар, сонымен қатар, елімізде болып жатқан елеулі оқиғалармен танысып, Тәуелсіздік жылдарынан бергі жетістіктеріміз жайлы жан-жақты ақпарат алды. Бұдан бөлек, жиынға қатысқан қонақтар арнайы ұйымдастырылған фотокөрмені де тамашалады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу