Ауа райының қолайсыздығы диқандарды әуреге салуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауа райының қолайсыздығы диқандарды әуреге салуы мүмкін

15.09.2014
Ауа райының қолайсыздығы диқандарды әуреге салуы мүмкін

Алдағы ауа райының қолайсыздығы диқандарды әуре-сарсаңға салуы мүмкін. Осы аптада күн күрт суытуы ықтимал.

Ерболат Мұқанов, «Қазгидромет» РМК агрометеорологиялық болжам басқармасының басшысы:

Бүгінгі мәліметке сүйенсек, 18-19-қыркүйек күндері түнде -5 градусқа дейін төмендейді. Яғни, қар түседі. Күндіз 2-7 градус жылы болуы мүмкін. Ал, мұндай күн райынан кеш себілген бидай зардап шегеді. Соның салдарынан, астықтың біршама пайызы сатуға емес, тек жем үшін пайдалануға тура келеді.

Екі күнгі суықтан кейін жауын-шашын да түседі. Бұдан диқандар 3-4 күнін жоғалтады. Өйткені, бидайдың ылғалдылығы артады.

Алмат Әбдіраман, тілші

Егер, жауын-шашын көп болса, бидай толық піспейтінін диқандар жақсы біледі. Жалпы, астықтың ылғалдылығы  орта есеппен 12-14 пайыздан аспауы керек. Мамандардың айтуынша, дәл қазір Ақмола облысы бойынша бидайдың ылғалдылығы - 16-17 пайыз.

Бірақ, бұл көрсеткіштен келер қауіп аз. Күннің көзі шықса, бидай тез кебеді. Тек бидайдың ылғалдылығы 25-30 пайыздан асса ғана, өнім шіріп кетеді, дейді ғалымдар.  

Светлана Дашкевич, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бөлім басшысы:

Ең әуелі диқандарды алаңдататын мәселе - бидайдың сапасы. Біз осы орталықта соңғы технология арқылы өнімнің ылғалдылығы мен сапасын анықтаймыз. Негізі, бидайды сақтау үшін алдымен ылғалдылығы төмен болуы керек. Сондай-ақ, кең қамба қажет. Себебі, астық далада қалса, шіріп кетеді.

Алайда, ұсақ серіктестіктердің жағдайы мәз емес. 

Қабыкен Шынтеміров, Егіндікөл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Кішкентай шаруашылықтардың өздерінің кептіретін жағдайы және сақтайтын жерлері жоқ. Сондықтан, оларға қиын болуы мүмкін. Күзді күнгі салқынмен суланған бидайдың құрғауы да қиын. Ал, әзірге Егіндікөл ауданы бойынша мұндай қауіп жоқ.

Егіндікөл - Ақмоланың Астанадан 150 шақырым жердегі ауданның бірі. Бұл өлкенің диқандары қазір әр гектардан 10 центнерден өнім алуда. Олар қазан айына дейін бидайды толық жинаймыз, деп отыр.

Бахтияр Ысқақов, «Ушаков-агро» серіктестігінің директоры:

Бұл бидайды біз қазір қамбаға құйып жатырмыз.  10 мың тоннаға дейін бидай сақтайтын орын бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл Ақмола облысында барлығы 4171,9 гектар алқапқа егін себілді. Бүгінде астықтың 35,6 пайызы жиналды. Ал, оның өнімділігі - 11,1 пайыз. Сондықтан, қырманда қыруар жұмыс бар. 

 

Алмат ӘБДІРАМАН

 

Хабарламаларға жазылу