Ақтауда көпқабатты үйден төрт жасар баланың үстіне теледидар лақтырған адам табылды. Ол 4-ші шағын аудан, 3-ші үйде тұратын 42 жастағы атпалдай азамат болып шықты. Техниканы 10-шы қабаттан құлдилатқан күдікті «теледидарды қоқыс жәшігіне бағыттадым», дейді.
Жауапсыздық танытқан оған қолданатын шара да жеңіл болмайтын түрі бар. Қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Күдікті:
Теледидарды қоқыс жәшігіне қарай лақтырдым. Одан біреуге зақым келеді деп ойлаған жоқпын. Жасаған әрекетімнен баланың зардап шеккенін сіздерден біліп отырмын.
Әлия Шермағамбетова, облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы:
Қазіргі таңда ұсталған тұлға мойындау мәлімдемесін берді. ҚР ҚК 111-бабы, 1-бөлімі бойынша іс қозғалып отыр. Ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін, 200 айлық есептік көрсеткіш айыппұл төлейді және қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.
Сәбидің бас сүйегіне операция жасалғанына бүгін – үшінші күн. Бірақ науқас әлі есін толық жинай қойған жоқ. Дәрігерлер алдағы уақытта науқастың қалыпқа келетінінен үмітті.
Ғабит Ережепов, облыстық балалар ауруханасының травмотологы:
Кома жағдайынан шығып келе жатыр. Укол салғанда реакция білініп келеді. Шешесінің дауысына реакция бар. Баланың қаны қалпына келді. Бастапқыда, 25-26 тамыз күні гемоглобині азайғаны байқалған болатын.
Жазира ӘБІЛ