Алматыда жастардың патриоттық рухын көтеретін футболкалар шығарыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жастардың патриоттық рухын көтеретін футболкалар шығарыла бастады

30.07.2014
Алматыда жастардың  патриоттық рухын көтеретін футболкалар шығарыла бастады

Алматылық 24 жастағы Дулат Болатұлы  елін,  ұлтын мақтан тұтып,  тарихын әлемге  танытпақ ниетпен қазақша футболкалар шығара бастады.

Ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» қағидасы жазылған  мына футболкаға сұраныс жоғары. Өзіміз де куә болдық. Көз алдымызда жастар келіп сатып алып жатыр. 

Мирас Желдібаев, Алматы қаласының тұрғыны:

Шетелдің сөздерімен жазылғанды  кигенше,  осыны киген дұрыс. Өзіміздің намысымызды жоғары қоюымыз керек. 

Автордың негізгі мамандығы - суретші. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан тәлім алған ол қазір кескіндемені тарихпен ұштастырды. Кітаптан алынған ұлы  тұлғалардың бейнесін қарай отырып, алдымен ой елегінен өткізеді. Сосын өз идеясымен қабыстырып, қағаз бетіне түсіреді.  Әрі қарай компьютермен өңдейді.

Дулат Үсенбаев, суретші, кәсіпкер:

Жастарға әсер ететіні - сурет.  Бірінші суретті көреді, сосын бұл кім деген, ой пайда болады? Мақсатым - жастардың рухын көтеру.  Өзімнің өнерім арқылы оларды партриоттыққа тәрбиелеп, халқының тарихын білсін, деген ниет.

 Қазақ хандығы мен Алаш Ордасынан басталып,  Шоқан Уәлиханов, Бауыржан Момышұлы бейнесімен жалғасқан шолақ жең жейделер көрер көзге ой салады.

Қазір Райымбек бастаған батырлар сериясы әзірленуде. Бірақ, атқарылып жатқан  іске сыншы көп. 

Дулат Үсенбаев, суретші, кәсіпкер:

Ағылшынша жаздың, деп сын айтып жатады.  Менде ағылшынша да, қазақша да бар. Ағылшынша жазу себебім, туристер көп алады. Шетелдерде  кез-келген ұлт өкілі  соны оқып, түсінсін, деп  жаздым.

Ұлы тұлғалар бейнесі түсірілген футболка кейін аяқ асты болмасын, деген оймен автор сапаға көңіл бөлген. Сол үшін матасы Түркияда тігіледі. Оның үстіне суреттерді айнытпай бедерлейтін құрылғылар бізде әзірге аз.

Бірақ, кәсіпкерлікті өркендетуге ден қойған елімізде бұл мәселе көп кешікпей шешілеріне сенеді.

Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу