Шымкентте ұлттық мерекеге орай 300-ден аса мәдени-патриоттық шара өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте ұлттық мерекеге орай 300-ден аса мәдени-патриоттық шара өтті

27.10.2022

Халқымыздың еркіндігі мен бостандығының кепілі болған ұлттық мерекені Шымкент жұртшылығы да сән-салтанатымен тойлады. Шаһарда 300-ден астам мәдени-патриоттық шаралар өтіп, мемлекетіміздің дамуына айырықша үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Бұл мереке бұрынғыдан өзгерек. Алаштың асқақ айбынын танытқан бейне баян көптің рухын асқақтатып, мерейі мен жігерін тасытты. Егемен елдің өткені мен даму кезеңдері, дала халқының дархандығы мен дара көңілі көрсетілді. «Сазген сазы» фолькорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы күй ұлтымыздың болмысын сыры сазбен әуелете жеткізді.

Лесбек Майемеров, Шымкент қаласының тұрғыны:

Елдің рухын көтеретін, ынтымағын біріктіретін, елді әр уақытта алға бастайтын, көш ілгері жүретін республика күні халықтың мерекесі, елдің, жердің мерекесі.

Мерекеге орай мегаполисте патриоттар форумы, ашық есік күндері, жыр сайыстары өтті. Білім ұяларында ашық тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Шым шаһардың дамуы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, тер төккен 30-ға жуық азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Дамир Айдаров, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Республика күніне орай Шымқалада 300-ден астам іс-шаралар ұйымдастырылуда. 21 өнер мекемесі мен 4 әкімдік әртүрлі деңгейдегі қала тұрғындарына арналған іс-шаралар өткізуде.

Тұғыры биік, іргесі бекем тәуелсіз елдің арқасында Шымкент қаласының тыныс-тіршілігі де жанданып, қарыштап өсіп келеді. Шаһардың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Алдағы үш жылда қала халқы инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылғалы отыр. Мегаполис атанғалы халық саны 200 мыңға өскен.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу