Жамбыл облысында төрт түліктің арасынан індет шықты. Аса және Айша бибі ауылдарында ірі қара мен қой белгісіз аурудан қырылып жатыр.
Шаруалар шарасыз. Ауруға ем табылар емес. Ал, ветеринар мамандар «өлекселерден алынған сынамалардың нәтижесі белгілі болмайынша, нақты ештеңе айта алмаймыз», дейді.
Жандос Алиев бас-аяғы бірер күнде 5 бірдей ірі қарасынан айырылды. Жастан асып қалған өгізшелер алғашында көздері алайып, әлсірей бастаған. Кейіннен ішінен қан кетіп, тіпті тұра алмай қалған. Малдан мұнан өзге ауру белгілері байқалмаған.
Жандос Алиев, шаруа:
Ветеринарлар да, басқалар да себебін таба алмады. Өлетін мал өлді. Қалғанын аман алып қалдық. Екпе салдық. Елдің арасында індет әлі де жүріп жатыр, деген сөз бар.
Індет жалғыз қара малды емес, қойды да қырып барады. Айша бибі ауылында тұратын Қанат Еркебаев бір жетінің ішінде 11 қойын арам өліп жатқан жерінен далаға сүйреп апарып тастады.
Қанат Еркебаев, шаруа:
Ветеринарлардан ешқандай көмек болмай жатыр. Жап-жас балалар дұрыс сөйлемейді. Өлсе, сенің малың, малдарың қорғалған ба, дейді.
Ветеринар мамандар бұған шаруаның өзі мен биылғы қуаңшылықты кінәлап отыр. Шөп жоқ, жайылым аз болған соң, жұрттың көбі малын сазға жаюға мәжбүр. Бұл паразитты аурулардың өршуіне себеп болады, дегенді айтады.
Мейірхан Жаманқұлов, Жамбыл ауданы ветеринарлық қызмет мекемесінің басшысы:
Зертхана қорытындысын алуымыз керек. Нақтысы тек сонда ғана белгілі болады.
Ветеринарлық ахуалға байланысты Жамбыл ауданында арнайы комиссия құрылды. Топ мүшелері ауру ошағындағы хал-ахуалды жіті зерделеп, тексеріп жатыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ