Жоғарғы сот төрағасы пәтер дауына қатысты істерде абай болуға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғарғы сот төрағасы пәтер дауына қатысты істерде абай болуға шақырды

18.07.2014
Жоғарғы сот төрағасы пәтер дауына қатысты істерде абай болуға шақырды

Астананың сол жағалауы тағы бір көркем ғимаратпен толықты. Әділет сарайы деп аталатын ғимаратта енді 4 қалалық  сот орналасатын болады. Жаңа әкімшілік нысанды бүгін Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми мен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов аралап көрді. Ғимарат 32 мың шаршы метрден астам жерді алып жатыр. Онда 50 сот отырысы залы орналасқан. Астана қалалық соты, қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот және Есіл ауданының екі бірдей соты орналасатын болады. Сот залдары соңғы техникамен жабдықталған және халықаралық талапқа сай екі судяға бір залдан тиесілі болатын болды. Жаңа ғимараттағы алғашқы ірі жиындардың бірі бүгін өтті. Онда елдегі сот төрелігін жүзеге асырудың биылғы бірінші жартыжылдықтағы қорытындыларына арналған отырысы өтті.

Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы  сотының төрағасы 

Осындай тамаша ғимаратты тұрғызу үшін үлес қосқан барша құрылысшыларға өз атымнан және сот қауымдастығы атынан ризашылығымды білдіремін. Сіздердің қызметтеріңіздің арқасында осындай тамаша ғимарат тұрғызылды. Ғимаратта лайықты жұмыс атқарылатынына мен толық сенемін.

Қайрат Мәми пәтер дауына қатысты істерде соттарды барынша абай болуға шақырды. 20-25 жыл бұрын пәтерін тастап кетіп, қазір қайта келіп пәтерін талап етіп соттасып жататын жағдайларға қатысты нақты мысалдар да келтірді. Оның сөзінше бұл салада қалыптасқан тәжірибе бар. Сондықтан кезкелген істің барынша байыбына баруды тапсырды. Жалпы жыл басынан бері соттар 578 мыңға жуық іс қараған. 4 800 ден астам адам бас бостандығынан айырылған.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ 

Хабарламаларға жазылу