Мақтааралдық диқандар шығынға батуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтааралдық диқандар шығынға батуы мүмкін

18.07.2014
Мақтааралдық диқандар шығынға батуы мүмкін

Оңтүстік Қазақстан обылысы Мақтаарал ауданында шаруалар биыл шығынға шаш етектен бататын түрі бар. Себебі, осы өңірдегі 6 мың гектар егіндікке су жетпей жатыр. Бұл мәселеге Көрікті елдімекенінің дихандары жеке серіктестіктің басшысын кіналайды. Кезінде 20 арықты жекешелендіріп алған кәсіпкер суды шектеп тастаған.

Көрікті ауылының тұрғыны Сәулебек Ақынов биыл бес гектар жерге қауын, тағы бес гектарға мақта егіпті. Бірақ, шаруаның егіндігі толығымен қурап қалудың аз-ақ алдында тұр. Өйткені, су жетпейді.

Сәулебек Ақынов, диқан:  

Су келмейді. Бұның енді келешегі не болады? Тағдырым не болады? Мынадан кейін мен отбасымды қалай асыраймын. Мынау мақта енді он күннен кеиін шанағын тастайды. Содан өнім болмайды бұл жерде.

Тұрғындардың айтуынша, тоқырау жылдары ауылдың арықтарын  жергілікті азамат жекешелендіріп алған. Қазір жылдар бойы тазаланбаған арық-атыздарды  қоға басып, су жүрмей қалған. Тіпті, кейбір жері тегістеліп кетіпті. Бұған серіктестік басшысы басын қатырмайды дейді дихандар. Өйткені, судың төлемі қалтасына түссе болғаны. Әр гектарына  өздігінен 2100 теңгеден баға қойған. 

Өтеп Жүнісбеков, диқан:

Қазір ол кісі аудан әкіміне де, ауыл әкіміне де бағынбайды. Өз алдына жеке баға қояды. Арықтар 20 жылдан бері тазаланбаған.

Шаруалардың айтуынша, кәсіпкер қарсы шыққандарды судан қысып, арнасын бекітіп қояды. Олар «жаздым, жаңылдым»,  деген соң ғана, көңілінің тоңы жібитін көрінеді. Дихандар  бұл жолы да су сұрап, серіктестік басшысының үйіне іздеп барды. Алайда, оның үйде жоқ екенін айтқан туыстары, ауыл тұрғындарын ұялы телефонға түсіріп,  қуып шықты.

Тағаты таусылған қараша халық араша сұрап ауыл әкіміне барды. Бірақ, одан да нәтиже жоқ. Шенеунік әдеттегідей «әлім келмейді», дегеннен әрі аса алмады.

Марат Ауашов, Ынтымақ ауылдық округінің әкімі:

Ол құзыреті Президенттің Жарлығы бойынша оларды тексере де, ішіне кіре де алмайсың. Айтуға менің құқығым жоқ. Ол мені жазып алады да қазір әкім өзінің қызмет бабын пайдаланып отыр, деп прокурорға арыз береді. Сосын мені прокурор шақырып алып, шара қолданады.

Дихандар қауымы әділдік іздеп талай рет сотқа жүгінгенмен, одан да нәтиже болмаған. Салы суға кеткен ауылдағы ағайын енді кімнен араша сұрарын білмей дал.

Айнұр АҚБАЕВА 

Хабарламаларға жазылу