Ақсу ферроқорытпа зауытында балқыту пеші іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсу ферроқорытпа зауытында балқыту пеші іске қосылды

18.07.2014
Ақсу ферроқорытпа зауытында балқыту пеші іске қосылды

Бүгін - металлургтер күні. Ақсу ферроқорытпа зауыты мерекені лайықты нәтижелермен қарсы алды. Үстіміздегі жылдың алты айында 650 мың тоннаға жуық өнім шығарылды.

Ал, бүгін №41-ші балқыту пеші іске қосылды. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, сапаны жақсартудың мүмкіндігі.

Ақсу ферроқорытпа зауытының ашылғанына биыл қырық жыл толды. Металлургия саласы бойынша Қазақстандық кәсіпорын әлемдік деңгейдегі озық кәсіпорындар қатарында. Қазір мұнда алты мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істейді.

Көпжылдық инвестициялық бағдарлама аясында зауыт жабдықтары түгелге дерлік жаңартылды. Ал, бүгін іске қосылған № 41-ші пеш 26 жыл бойы жөнделмеген.

Марат Әбетаев, №4-ші цех басшысының орынбасары:

Зауыттың ішіндегі ең ескі пеш болатын. Бүгін міне, қайтадан жөнделіп, іске қосылып отыр. Бұл пеш 25 мегаваттық. Жылына 25 мың тонна ферросиликохром өндіреді.

Жаңа инновациялық техниканың арқасында ауыр жұмыс азаяды. Қол жұмыстары түгелдей қысқарады. Біздің жұмыскерлерге жеңілдігі көп.

Балқыту пешін жөндеуге кәсіпорын 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. Бақылау-өлшеу, энергетикалық құрылғылары түгелдей ауыстырылды. Бұдан басқа электрлі сүзгілер  жаңартылған.

Александр Уферман, цех басшысы:

Өткен жылы біз газдан тазалау кешенін іске қостық. Ол экологиялық тұрғыдан өте пайдалы және жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Заманауи технологиялардың арқасында феррохром өндірісін ұлғайтуға болады. Әрине, мұның барлығы еңбек адамының маңдай терінің арқасы. Кәсіби мерекеге орай озаттар марапатталып, өндіріс майталмандарына арналған Құрмет тақтасы ашылды.

Арман Аманжолов, Ақсу ферроқорытпа зауытының бас директоры:

Металлургия өндірістік саланың негізі болып есептелетіні бәрімізге белгілі. Экономикалық дамудағы үлес салмағы өте зор. Сондықтан  Қазақстандық металлургтердің еңбектегі табысы еліміздің дамуының кепілі, дер едім.

Металлургтердің мұраты да, мақтанышы да бір-ақ нәрсе. Ол - экономикалық өсім. Мемлекетті нығайтатын да сол. Мұратқа қуат сай болсын!

Болат АМАНБАЕВ

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу