Павлодар облысы Екібастұз қаласының Индустриалды аймағында алып металлургиялық кластер құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысы Екібастұз қаласының Индустриалды аймағында алып металлургиялық кластер құрылады

06.10.2022

Павлодар облысы Екібастұз қаласының Индустриалды аймағында алып металлургиялық кластер құрылады. Оның аясында өңірде жоғары технологиялы, тұтастай автоматтандырылған ферроқорытпа кәсіпорыны бой көтереді. Сондай-ақ, мұнда болат балқыту кешені мен тікелей редукцияланған темір өндіретін нысан салынады.

Металлургиялық кластер жобасын отандық «Mineral Product» компаниясы Оңтүстік Кореялық технологиялық серіктестерімен бірлесіп жүзеге асырады. Осы мақсатта «Hyundai Rotem» және «POSCO International» компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Ферроқорытпа кәсіпорынның іске қосылуы - металлургиялық кластерді құрудың алғашқы кезеңі болып саналады. Мұнда жылына 160 мың тонна ферроқорытпа өнімдерінің алуан түрі және жоғары сапалы сегменті өндіріледі.

Ку Хонг-Сок, Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Бүгін өте маңызды Меморандумға қол қойылды. Менің ойымша, бұл тараптардың еңбегі мен күш-жігерінің арқасы. Жоба нәтижелі іске асуы үшін бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Бүгінгі бастама Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға серпін береді деп сенемін.

Кәсіпорын отандық өнімді Еуропа, Оңтүстік-шығыс Азия, Америка нарығына 2024 –жылдың аяғына таман экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

Сергей Кан «Mineral product» компаниясының акционері:

Мен бұл салада 25 жылдан астам жұмыс істеймін. Өндірістің қыр-сырын жақсы білемін. Кәсіпорын феррақорытпалардың бірнеше түрін шығарады. Қуаттылығы 160 мың тонна. Ферросилиций, ферромарганец, феросиликомарганец, бұлардың бәрі халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие.

Инвесторлар металлургиялық кластер жобасын жүзеге асыру үшін 1 млрд. 800 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы құюға әзір. Өндріс орындары іске қосылған соң 2700-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады, оның 800-ге жуығы ферроқорытпа кәсіпорынында жұмыс істемек.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу