Атырауда ұңғымаларды бұрғылауға арналған құрылғылар жасала бастады. Мұнай-газ өндірісі саласына аса қажетті өнімді «Жігермұнайсервис» ЖШС дайындауда. Зауыт басшылығы таяу жылдарда отандық мұнай компанияларындағы сұраныстың 30 пайызын қамтуға күшіміз жетеді, деп отыр.
Ұңғымаларды бұрғылауға арналған поликристалдық алмаз кеспелері бар құрылғыларды дайындайтын аппарат Оңтүстік Кореядан әкелінген. Оның жұмысы толықтай автоматтандырылған. Өнімнің көлемі әр алуан төрт түрін шығарады. Жалпы, зауытта әрбір бұрғы құралын әзірлеуге шамамен 10-12 сағат уақыт жұмсалады.
Нұрлан Ищанов, цех басшысы:
Бұл станоктар осындай ең қиын диаметрлік көлемдерді шығарады. Мына станок «PUMAMX2600» құны 1 миллион доллардың айналасында. Бағдарламаның өзі толық құрылғысымен жарты миллиондай тұрады.
Сапасы жоғары, әрі бағасы арзан жаңа өнімге сұраныс өте жоғары. Кәсіпорын басшылығы жыл аяғына дейін 250-ге жуық бұрғылау құрылғысын дайындауды жоспарлап отыр. Істі ширату үшін жақын күндері заманауи өнім өндіретін шетелдік аппараттың екіншісі іске қосылмақшы. Соның арқасында шығарылатын өнім түрлері 20-ға жуықтайды және көлемі де артады.
Асхат Дүйсалиев, серіктестіктің бас директоры:
Елімізде мұндай қондырғыларды әзірге тек біздің зауыт қана дайындайды. Қазір ең бастысы, сапаға мән берудеміз. Жоспар бойынша жыл сайын өндірілетін өнім көлемін арттыра беретін боламыз. Осылайша, уақыт өте келе тауарларымызды ішкі нарықпен қатар, шетелге де жеткізуге қауқарымыз жететін болады.
Кәсіпорын ұжымы болашақта отандық мұнай компанияларының сұранысын толықтай қанағаттандыратынына сенімді. Сонымен қатар, қазірден бастап өз өнімдерін шетелге де экспорттау жолдарын қарастырылуда. Осы мақсатқа орай зауыт басшылығы Ресейдің кейбір қалаларында өздерінің филиалдарын ашып отыр.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ