Шекара қызметінің офицерлік құрамы 250 лейтенантпен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекара қызметінің офицерлік құрамы 250 лейтенантпен толықты

30.06.2014
Шекара қызметінің офицерлік құрамы  250 лейтенантпен толықты

Биыл Шекара қызметінің офицерлік құрамы  250 лейтенантпен толықты. Олардың 14-і әскери шенді Елбасының қолынан алуға мүмкіндік алды.

Шекара академиясының 80 жылдық тарихы бар. Қазір осында ТМД елдерінен де азаматтар келіп білім алып жатыр.

Әдемі қоштасу вальсінен кейін лейтенанттар 4 жыл алған білімдерін көпшілікке көрсетті. Олар сапта жүру, қару-жарақты қолдану,  қоян-қолтық ұрыс қимылдарын шебер меңгерген.

Бұл тәжірибе лейтенанттардың шекара шебін шегендеуге дайын екендігін аңғартты.

Марат Балтабекұлы, бітіруші түлек, лейтенант:

Біз бұл күнге 4 жыл бойы өзіміздің білімімізді, кәсіби деңгейімізді жетілдіру арқылы жеттік. Қазақстан халқына, Президентіне адал қызмет етеміз. Отанымыздың шекарасын берік күзетеміз.

Шекара академиясының материалдық-техникалық базасы мықты. Офицерлердің ғылымға терең бойлауына барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Соның көрсеткіші биыл тұңғыш рет философия  PhD докторы ғылыми дәрежесін 5 офицер қорғап, 39 магистрант бітірді. 17 тыңдаушы академияның 1 жылдық курсын тәмамдады.

Салтанат Дүйсенова, кәсіби тілдер дайындық кафедрасының басшысы:

Біздің жастар тек қана қаруды меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар, қоғамдық, саяси ортада өздерінің ойын жүйелеп, сауатты жеткізе білетіндей,  әскери ғылымды дамытатындай мамандар болып шығуы тиіс.

Шекара шебінің қауіпсіздігі мен ел амандығы - басты міндет. Осы қағиданы берік ұстанған шекарашылар жуырда қызметке кіріседі. Теорияны тәжірибеге ұштастырып, біліктіліктерін шыңдайды.   

 

Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу