І Халықаралық қонақүй форумы өтті

24.06.2014
І Халықаралық қонақүй форумы өтті
2017 жылы елімізде әлемдік деңгейдегі қос іс-шара өтеді. Астанада 5 миллионға жуық адам қатысатын Халықаралық ЕХРО көрмесі ұйымдастырылса, Алматыда 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиада алауын жағады.
 
Екі дүбірлі жиынға келушілер халықаралық әуе желісі Алматыда болғандықтан, мегаполиске аялдамай өтпейді. Сондықтан, қалада меймандарды орналастыратын қонақүйлерді көптеп салып, қызмет сапасын арттыру қажет.
 
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен І Халықаралық инвестициялық қонақүй форумында шаһар басшысы Ахметжан Есімов айтты.
 
Қаладағы мейманханалардың 53 пайызы еш санатқа кірмейді, 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер - 32 пайыз, 5 жұлдыздысы тек 6 пайыз ғана.
 
6 елден келген қонақүй бизнесінің білікті мамандары қатысқан жиында мейманхана бағалары, басқару инновациялары сөз болып, кәсіби кадрлар даярлау мәселесі қаралды.
 
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі:
Еліміздің көрікті жерлеріне қызықтап келушілер көп. Біз өткен жылы 27 миллион туристі қабылдап, Балқаш, Алакөл, Каспий, Бурабай аймақтарына жөнелттік. Биыл келушілер санын 80 миллионға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл мақсатта алдымен меймандар түсетін қонақүйлерді көбейтіп, қызмет сапасын арттыруға бағдарламалар даярлап отырмыз. Жоба толығымен қолға алынса, елде туризм саласы өркендеп, жұмыс орындары көбеймек.
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу