Алматыда «Жас түлек-2014» фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Жас түлек-2014» фестивалі өтті

19.06.2014
Алматыда «Жас түлек-2014» фестивалі өтті
Кеше еліміздің барлық аймағында мектеп бітіру кеші өтті. Алматы түлектері де бұл күнді жылдағы дәстүрмен бастады. Алдымен жас түлектер Тәуелсіздік монументіне тәу етіп, кешкілік Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналды.
 
Шаһар басшысының қолынан орта білімін дәлелдейтін куәлік, тегін оқу гранттары мен «Алтын белгілерін» алды.
 
Көздері бал-бұл жанған бұл түлектер өмірдің даңғыл жолына қадам басты. Балалықтың балғын шағы артта қалса да, бойларында келешекке деген кемел сенім бар.
 
Сондықтан болар, кеш басталысымен әуелеген әнмен айналаны қуанышқа бөледі. Мектеппен қоштасқан олар соңғы қоштасу вальсінде барынша әдемі әрі әсерлі билеуге тырысты.
 
Биыл Алматы Ұлттық бірыңғай тестілеуден тағы да көш бастады. Ұстаздар еңбегі жанып, түлектер еңсесі көтерілді. Шаһар бойынша мектеп бітірген 7 мыңнан аса оқушының 173-і «Алтын белгі» иегері атанды.
 
Ал,  Айғаным Әбдіжаппар мен Әсия Марат 125 балл алып, білімдерін  дәлелдеді. Талапкерлердің ендігі мақсаты - қалаған мамандығын жаңылмай таңдау болмақ.
 
Айғаным Әбдіжаппар, «Алтын белгі» иегері:
125 балл алуымның себебі - ол менің 11 жылдық білімімнің нәтижесі. Кітаптан бас алмадым, әлеуметтік желіге кірмедім. Географияны таңдағаннан кейін қаржыгер боламын деп ойлаймын.
 
Жергілікті әкімдіктің қолдауымен мәдениет және спорт саласында топ жарған түлектер мен мүмкіндігі шектеулі талапкерлер мегаполистегі жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алды. Оқуда озат шыққан өрендерге шаһар басшысы мектеп бітіру куәлігін тапсырып, ақ жол тіледі.   
 
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
Сіздердің алдарыңызда өте жауапты кезең басталғалы тұр. Ол - үлкен өмір жолы. Сол жолда қателеспей, таңдаған мамандықтарыңыз бойынша білім алып, ертеңгі күні жас мемлекетіміздің өсіп-өнуіне өз үлестеріңізді қосасыздар, деп сенемін.
 
Салтанатты кеш әрі қарай эстрада жұлдыздарының құттықтауымен жалғасты. Бүгінгі түлек, ертеңгі күні байтақ еліміздің тұтқасы болар білікті жастарға ұстаздар қауымы мен ата-аналар сәт-сапар тіледі.  
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу