Ал, бүгін баға сәл ғана арзандап, нан 40-45 теңгеден сатылуда. Наубайхана қожайындары мұның себебін ұн тасымалының қымбатқа түсуімен түсіндіреді.
Шымкенттіктер үшін нан бағасының күрт қымбаттауы күтпеген жағдай болды. 35 теңге тұратын бір бөлкенің бағасы кеше аяқ астынан 50 теңгеге жеткен. Бұл әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерге ауыр соққаны рас.
Шырынкүл Темірбаева, қала тұрғыны:
Әр жерде әртүрлі. Бір жерде 5 теңге қосса, екінші бір жерде 10 теңге қосып жатыр. Ұн да қымбаттайды деп жатыр. Сонда біз қалай күн көреміз?
Осыдан кейін жергілікті билік шұғыл әрекетке көшіп, «нан бағасын төмендеттік», деген болатын. Алайда, дүкен сөрелерінде бүгін ас атасының құны аса төмендемепті. 40 теңге мен 50 теңгенің аралығында. Сатушылардың да өз уәжі бар.
Бағлан Айтуаров, дүкен қожайыны:
Біз 40 теңгеден алдық. Халыққа 45-тен сатып жатырмыз. Алдында 32 теңгеден алып, 35 теңгеге сатқанбыз. Бүгін екінші күн, 45-тен сатып жатырмыз.
Шымқалада 43 наубайхана әлеуметтік нан жабумен айналысады. Оларға тәулігіне 64 тонна ұн қажет екен. Барлығын да арзандатылған ұнмен «Атамекен» корпорациясы қамтамасыз етеді.
Әбдімәлік Көмекбаев, «Нан» қауымдастығының төрағасы:
Ұнды жеңілдетілген бағамен 2400 теңгеден алып жүргенбіз. Ол берілмей қалған соң «Алтын дән» диірменінен 3400 теңгеден алып, нан пісіруге мәжбүр болдық.
Қалалық әкімдіктегілер болса басты мәселе ұн таратушы операторға мемлекет тарапынан берілуі тиіс көлік шығынының уақытылы төленбеуінен деп түсіндіреді.
Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
Ол кісінің мәліметі бойынша 97 миллион транспорттық шығынды төлеу бойынша мәселе қойылды. Бұл мәселе облыстық әкімдікте қаралып шешіледі.
Облыс әкімдігі мен ұн таратушы оператордың арасында жедел меморандум жасалып, ұн бағасын өсірмеу бойынша келісімге қол қойылды.
Нәтижесінде, бүгіннен бастап, наубайханаларға жеңілдетілген бағамен ұн жеткізіле бастады. Яғни, шенеуніктер ертеңнен бастап, нан бағасы бұрынғы қалпына түседі, деп уәде беріп отыр.
Айнұр АҚБАЕВА