Елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар

04.06.2014
Елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар
Бүгінде елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өмірге деген талпыныстары зор. Олардың біразы кәсіпкерлікпен айналысып, жерлестерін жұмыспен қамтып жүр.
 
«Ізденген жетер мұратқа». Бұл - Алматы облысы Балпық би ауылында кәсібін ашқан Дәурен Ысқақовтың ұстанымы.
 
6 жасында жазылмас дертке шалдыққан І топтағы мүгедек ізденімпаздығының арқасында баспахана ашқан.
 
22 жастағы кәсіпкер алғашқысында достарының ұялы телефонға түсірген суреттерін шығарып жүрді. Кейіннен ісі алға басып, үлкен фотостудия ашты
 
Дәурен Ысқақов, кәсіпкер:
Ізденсең, бәрі болады. Мұңаймау керек, берілмеу керек. Елбасы Жолдауында да қатты көңіл бөліп жатыр. Сұрамаған адамға ешкім ештеңе бермейді. Өздеріңіз алға ұмтылып, өздеріңіз ізденсеңіздер, бәрі болады.
 
Семейлік Нұркен Бектасов та туа біткен дертіне мойымай, қиындыққа қарсы тұра білді. Туғалы арбаға таңылып, сал болған саусақтарына қарамастан, қатарластарынан қалыспай орта білім алды.
 
24 жастағы қайсар жігіт жақында жоғары оқу орнын мемлекеттік грант бойынша тәмамдайды. Жүрегінің қалауымен шығармашылықты таңдап алған өжет жан  ертегілер мен повестерді орыс тілінен аударып жұр.
 
Нұркен Бектасов, студент:
«Айтуға оңай» бағдарламасында қазақ ертегісі туралы сөз қозғалып еді. Қазақ ертегісінің санын көбейтуге тамшыдай болса да үлесімді қосайын деп, 10-ға жуық ертегі аудара бастадым. Жазуға ауыр болса да, өзім сияқты жастардың өміріне бей-жай қарап отыра алмадым. Болашақтағы өмірлеріне пайда болсын, сабақ болсын, бағыт-бағдар көрсетсін, деген мақсатта жазған едім.
 
Солтүстік Қазақстан Облысының тұрғыны Тамара Войтенко да кәсібін дөңгелетіп жүрген жандардың бірі. ІІ топтағы мүгедек болса да, қарап отырмай тігін цехын ашқан.
Бүгінде өзін ғана емес, 20 шақты жерлесін жұмыспен қамтып отыр.
 
Тамара Войтенко, кәсіпкер: 
Бұл біздің даяр өнімдеріміз. Біз дәрігерлердің, аспаздардың, сатушылардың халаттарын, полиция қызметкерлерінің киімін де тігеміз. Қолғаптар мен төсеніштерге дейін шығарамыз. Бірақ, бір өкініштісі, соңғы кездері тапсырыс азайып кетті.
 
Кәсіпкердің ендігі мақсаты - мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізіп, қызмет аясын кеңейту.
 
Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу