«Байқоңырдан» «KazSat-3» спутниктік жерсерігі ұшырылды (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Байқоңырдан» «KazSat-3» спутниктік жерсерігі ұшырылды (толығырақ)

09.05.2014
«Байқоңырдан» «KazSat-3» спутниктік жерсерігі ұшырылды (толығырақ)
Осыдан жарты сағат бұрын «Kazsat-3» спутнигінің үдеткіш блогы ажырап, жерсерік  геостационарлық орбитаға жетті. Ғарыш аппараты  бүгін сағат 10.25-те «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылды.
 
«Kazsat-3» спутнигі ресейлік «Луч-5М» жерсерігімен бірге  «Протон-М» зымырантасығышы арқылы ғарыш кеңістігіне көтерілді.
 
Осыдан 3 жыл бұрын ұшырылған «Kazsat-2» спутнигі мен үшінші жерсерік қызметі бірін-бірі толықтырып отырады әрі ел аумағынан басқарылатын болады.
 
«KazSat-3» спутнигінің зеңгір көкке көтерілуін тамашалауға жиналғандардың қарасы қалың.   Қазақ елінің үшінші жерсерігінің ұшырылатын тарихи сәтіне куә болуды армандап жүрген Бақытжан Айтбай кішкентай інісін де ала келіпті.
 
Бақытжан Айтбай, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
Көптен бері күттік. Сәтті болады деп ойлаймын. Енді интернет қызметі  жақсы болатын шығар.
 
Ресейде құрастырылған ғарыш аппараты наурыз айында «Байқоңырға» жеткізілген. Салмағы екі тоннаға жуық, жалпы жобаның құны-  27 миллиард теңге. Міне, көпшілік күткен межелі мерзімде  «KazSat-3» жерсерігі көкке самғады
 
Виктор Лефтер, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Президенті:
 «KazSat-3» ғарыш аппаратының 28 транспондері бар. Бұл транспондерлер телехабар тарату, басқа да байланыс түрлерінің жұмысына арналған. Негізгі таралу аймағы Қазақстан мен көршілес елдер.  
 
Жалпы, биылғы жыл республиканың ғарыш саласы үшін жемісті болмақ. Ертең француздық «Куру» ғарыш айлағынан жерді қашықтықтан зондтайтын алғашқы отандық жерсерік ұшырылады. «Ол ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар саласының жұмысына көп көмегін тигізеді», дейді мамандар.
 
Еркін Шаймағамбетов, «Қазғарыш» Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
Сондай-ақ, биыл маусым айында Ресей аймағында жерді қашықтықтан зерттейтін тағы бір отандық жерсерігін ұшыруды көздеп отырмыз. Жалпы, биыл төрт спутник ұшырылады деген жоспар бар. Бұл - біз үшін үлкен жетістік. Кез келген мемлекет мұндай жетістіктерімен мақтана алмайды.
 
Бүгін кешкі сағат 20.00 шамасында ғарыш аппаратының үдеткіш блогы ажырап, жерсерік геостационарлық орбитаға жетеді.
 
Мамандардың айтуынша, «KazSat-3» спутнигі үш айдан соң, яғни, қыркүйек айында толықтай іске қосылады.  15 жыл жұмыс істейтін жерсеріктің қызметін отандық операторлармен қатар, Ресейдің орталық бөлігі мен Орталық Азияның бірнеше мемлекеті пайдалана алады.
 
Гүлжан ОМАРОВА

Хабарламаларға жазылу