Байқоңырдан Ирандық «Хайям» жерсерігі сәтті ұшырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байқоңырдан Ирандық «Хайям» жерсерігі сәтті ұшырылды

09.08.2022

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жыл басынан бері Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған бұл 3-ші зымыран. Ирандық жерсерікті көкке көтерген «Союз-2» кемесі сонымен бірге 16 ғарыштық аппаратты ғарышқа жеткізеді. Жалпы «Хайям» спутнигінің негізгі міндеті жер шарын қашықтықтан зерделеу болмақ.

Зымыран 31-ші ұшыру алаңынан аттанды. Мұндай айтулы оқиғаны көзбен көруге шет елден көптеген турист келген. Солардың қатарында білім бәйгесінде топжарып, ғарыш айлағына келуге мүмкіндік алған қазақстандық оқушылар да бар. Керемет әсерге бөленген жасөспірімдердің ғарыш әлеміне деген қызығушылығы арта түскендей.

Ақжол Ерланұлы, оқушы:

Өзімнің жобамда ұшу аппараттары туралы қорғағанмын. Бұл маған қызық. Мен мұны өзім көргеніме қатты қуаныштымын.

Биыл жаһандағы геосаяси шиеленіске байланысты Байқоңырдан ұшырылатын зымырандар саны азайды. Әлемде жағдай оңалмаса, Қазақстан мен Ресейдің ғарышты игеру бағытында қолға алған «Бәйтерек» жобасы екі-үш жылға дейін тұралап қалуы мүмкін. Себебі, бұл салада отандық маман тапшы. Оқушылармен жүздескен Бағдат Мусин жастарды осы бағытта білім алуға шақырды.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрландыру, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Цифрландыру мен ғарыш ол тығыз байланысты. Ол реттеуді, талдауды адам жасай алмайды. Сондықтан оны адам үйретеді, бірақ оны жасанды интелект оны іріктеп талдап, керекті жерлерін бояп қояды. Сондықтан осы тығыз байланысты екі саланың біреуін таңдасаңыз бізге өте қуаныштымыз.

Бір топ дарынды балалар мұнан соң Қазақстанға тиесілі Бәйтерек ғарыштық кәсіпорнының базасын аралады. Алдымен «Зенит» зымыран тасығышын құрастырып, сынақтан өткізетін алып кешенмен танысты. Сондай-ақ, 45-ші ұшыру алаңына барып, маңызды нысанды көзбен көрді.

Кәмила Жұмабаева, оқушы:

Менің ғылыми жобам «Адам және ғарыш» бағытында жасалған еді. Жалпы адамзаттың ғарышты кланизациялау тақырыбында болған. Маған бұл өте қызықты. Және де осы тарихи оқиғаға куә болғаныма өте бақыттымын.

Байқоңырдағы сапары аясында Бағдат Мусин «Роскосмос» және Иран Ислам республикасының ғарыш саласы басшыларымен әріптестік байланысты нығайту бағытында бірқатар жобаларды талқылайды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу