Мектеп оқушылары суға кеткен баланы құтқарып қалды. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында жасөспірімдер әркімнің қолынан келе бермейтін ерлік жасады.
«Шарбұлақ» жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Қыдырәлі Сыздық пен 9-сынып оқушысы Тұрар Санай 2 жасар бүлдіршінді өлім аузынан арашалап қалды.
Жас құтқарушылардың айтуынша, олар мал суаруға шыққан. Содан Шарбұлақ өзенінде сәбидің ағып келе жатқанын байқап қалады.
Осы кезде Қыдырәлі ойланбастан суға сүңгіп, баланы судан алып шыққан. Сөйтіп киімдерін шешіп, кішкентай Әлиханды орап алыпты.
Қыдырәлі Сыздық, 11-сынып оқушысы:
Біз алғашында қуыршақ деп ойладық, жақындап келгенде адам екеніне көзіміз жетіп, ойланбастан суға секіріп, баланы судан алып шығып, тез арада алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырдық.
Алғашқы жәрдем көрсетуді мектепте үйренгендігінің арқасында, жасөспірімдер 2 жасар Әлиханға екінші рет өмір сыйлады. Бүлдіршіннің анасы болса, сәбиін аман алып қалған Қыдырәлі мен Тұрарға алғысым шексіз дейді.
Ләззат Намазова, Әлиханның анасы:
Балапанымның көз алдымда тірі жүргені осы жігіттердің арқасы, мен оларға қашанда қарыздармын. Осындай ұлдарды тәрбиелеген ата-аналарына алғысым шексіз.
Айнұр АҚБАЙ