Еуразиялық интеграция күнін жариялауды жұртшылық құп көреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық интеграция күнін жариялауды жұртшылық құп көреді

29.04.2014
Еуразиялық интеграция күнін жариялауды жұртшылық құп көреді
Елбасының Ресей астанасында оқыған дәрісін шымкенттіктер де тыңдады. Шаһардағы түрлі мекеме қызметкерлері Мемлекет басшысының Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан өткір ойлары мен жаңа идеяларын бірауыздан қолдап отыр.
 
Әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция күнін жариялау идеясын жұртшылық құп көреді. Айта кетейік, соңғы уақытта Кедендік одақ аясындағы елдермен тауар айналымы 88 пайызға өсіп, интеграцияның рөлі артып келеді.
 
Дәріс барысында Президент 2009 жылдан бастап Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік пен Кеден одағы бойынша әріптестерімен арадағы тауар айналымы 24,5 миллиард долларды құрағанына тоқталды. Бұл ретте шикізатқа бай мемлекетіміз күн санап өңделген тауарлар көлемін арттырып отырғанын тілге тиек етті. 
 
Мәселен, осы Ресей мен Беларусь еліне экспортымыз 63 пайызға, оның ішінде өңделген тауарлар шығаруымыз 2 есеге артты. Ал мұндай оңды өзгерістердің қазір көптеген кәсіпорындар ашылып, көршілес елдерге тауарларын саудалап жатқан оңтүстік тұрғындары үшін пайдасы шаш етектен. Осы арқылы елдің әлеуеті артып, өңірдің экономикалық жағдайы тұрақтала бастады. 
 
Мұхтар Атабек, Шымкент қаласының тұрғыны: 
Еуразиялық дамыған мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың  бағытын айқындап берді деп есептеймін. Оның ішінде ғылым, ғарыш, мәдениет, инновациялық жаңа технологиялар саласын жік-жікке бөліп, нақты түсіндіріп айтты.  
 
 
Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу