Оралмандарға азаматтық алу мерзімі 1 жылға дейін қысқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралмандарға азаматтық алу мерзімі 1 жылға дейін қысқарды

22.04.2014
Оралмандарға азаматтық алу мерзімі 1 жылға дейін қысқарды
Енді шетелден көшіп келетін қазақтарға қай өңірге қоныстанса да, оралман мәртебесі беріліп, олар бір жылдың ішінде-ақ азаматтық алатын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миинстрі Тамара Дүйсенова осылай деп отыр. Тіпті, еңбек ресурстары жетіспейтін жерлерге көшіп барған қандастарымызға әлеуметтік жеңілдіктерге дейін жасалмақ.
 
Шетелдегі қандасарымызға Қазақстан азаматтығын алу мерзімі бұрынғыдай 7 жыл емес, 1 жылға қысқартылмақ. Бұл жаңалық алыс-жақын шет елге әп-сәтте тарап кетті. Бейсен Ахметұлы Қытайдан қоныс аударған қандасымыз, өзі саясаткер. Сондықтан да бұл шешімнің саяси парқын жоғары бағалап отыр.
 
Бейсен Ахметұлы, қала тұрғыны:
Осындай бір үлкен шешім қабылдап жатыр. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы деп түсінемін. Шындығын айтқанда, бұл шешім шетелдегі қазақ жастары үшін үлкен қуаныш. Енді білімді жастар келеді, деп есептеймін. Бұл  Қазақстан үшін үлкен адам капиталы.
 
Қолданыстағы заңнамада Үкімет бекіткен өңірлерге келгендер ғана оралман мәртебесіне ие болатын. Ендігіде қай аймаққа келсін оралман мәртебесі беріледі. Сондай-ақ төлем қабілетін растау туралы норма да алып тасталды. Бұл - бір.
 
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Екіншіден, мына этникалық қазақтар келген, қандастарымыз өзіміздің ешқандай төлем қабілеті жөнінде дәлелдеменің қажеті жоқ. Оларға  еліміздің азаматтығын алу үшін кедергілер болмайтын болады.
 
Тағы бір жеңілдік. Ендігіде еңбек күші жетіспейтін өңірлерге келемін деуші қандастарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылмақ.
 
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Әлеуметтік жеңілдікке не кіреді? Біріншіден, бұл көшіп келу жол ақысы. Екінші жүк тасымалының құнын өтеу және алғашқы кездегі басқа да шығындар. Ең бастысы - жалға берілетін баспана. Оны бес жылдан кейін қалаған сомасын төлеп жекешелендіруге болады.
 
Жалпы Тәуелсіздік жылдары 944 мың қазақ елге оралған. Олар қазір халықтың 5,5 пайызы. Алыс-жақын шетелде тағы миллионнан астам қазақ бар екенін ескерсек, бұл жеңілдіктер талай қандастың атамекенге ағылуына серпін болмақ.
 
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу