Биыл 10,7 мыңнан астам қандасымыз Қазақстан азаматтығын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 10,7 мыңнан астам қандасымыз Қазақстан азаматтығын алды

05.09.2019
Биыл 10,7 мыңнан астам қандасымыз Қазақстан азаматтығын алды

Осы жылдың басынан бері көрші елдерден тарихи отанына оралған 10,7 мыңнан астам қандасымыз Қазақстан азаматтығын алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа азаматтардың көпшілігі біздің республикамызға Өзбекстаннан келген - 48,5%. Сонымен қатар, Шығыс елдерінен (ҚХР – 36%, Моңғолия – 6,2%, Түркменстан – 5,4%, Ресей Федерациясы – 1,1%, Иран – 0,5%) қандастарымыз келген.

Олар негізінен Ақмола (27%), Маңғыстау (14%) және Жамбыл (9%) облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (8,9%) және Шымкент (8,5%) қалаларында қоныстанды.

Бүгінгі күні (1991 жылдан бастап) 307,3 мың отбасы немесе 1,046 миллион этникалық қазақ тарихи отанына оралған.

«Қазақстанда оралман мәртебесін алған этникалық қазақтарға жеңілдетілген түрде азаматтық алу үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Бұл мәртебе бір жылға жарамды. Мәртебені ұзарту оралман мәртебесі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге өтініш берген кезде жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін ғана көзделеді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ахмади Сарбасов.

Бұл ретте, ол кейбір оралмандардың ұсынылған уақыт ішінде жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алмаған және мұндай мүмкіндіктен айырылғанын атап өтті.

«Осыған байланысты Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай оралмандарға мәртебесін жеңілдетілген тәртіппен алуды 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Осылайша, мәртебесін ұзартпаған оралмандар оны істеу үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алады және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін ішкі істер органдарына құжаттарды тапсыра алады», – деді Сарбасов.

Хабарламаларға жазылу