Алматыдағы ардагерлер үйінде Наурыз мерекесі тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы ардагерлер үйінде Наурыз мерекесі тойланды

21.04.2014
Алматыдағы ардагерлер үйінде Наурыз мерекесі тойланды
Алматыдағы ардагерлер үйі бүгін ұлық мерекені ұлықтады. «Нұр Отан» партиясының хатшысыҚайрат Сатыбалдының тікелей мұрындық болуымен қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Көктемнің шуақты күнінде қариялар бір серпіліп, «Наурызнама» дастарханынан дәм татты.
 
Қарттар үйі. Атауы қатал болғанымен, мұнда бастысы ақ жаулықты әжелеріміз бен асқар тау аталарымыздың аялы алақаны бар. Бүгін сол қариялардың ақ батасын сұрағанымызда бірінші болып ұлты грузин 76 жастағы Гюлнар Сүлеева тіл қатты.
 
Тағдыр тауқыметімен отбасынан айырылған ананың көзінен тек сағыныш оты көрінеді. Әйтсе де, өзекті өртеген өкінішін сездірмей, барға қанағат тұтты.
 
Гюлнар Сүлеева, Ардагерлер үйінің тұрғыны:
Жастарға біріншіден ынсап берсін. Қазіргі жастар бұрынғыға қарағанда жақсы. Осы жерде жұмыс істеп жатыр. Бізді қолдайды. Ұнамағанда қайтып келмес едім. 
 
Бұл үйде 336 адам өмір сүріп жатыр. Соның 120-ы - соғыс ардагері. Ілгеріде мұндай үйді паналаған қазақ қарттарының саны 70-ке жетіпті. Жан-жақтан жиылғанымен, бір үйдің балаларындай тату-тәтті күн кешуде.
 
Бүгінгі «Наурызнамада» қазыналы қарттардың көңілін Халық әртісі Бибігүл Төлегенова,Ескендір Хасанғалиев бір серпілтті.
 
Той көркін әсіресе, «Салтанат» би ансамблі қыздырды. Ұлттық биден басталып, өзге ұлттың да төл өнері ұлықталды. Ал, аға буынды құттықтап келген жұртшылықтың назарына апаларымыздың қолынан жасалған сәндік бұйымдар ұсынылды. 
 
Қанат Мұсақұлов, «Нұр Отан» партиясы хатшысының кеңесшісі:
Мұның бәрі өсіп келе жатқан жастарға сабақ болуы керек. Бір жағы мереке, бір жағы көп ой салатын шара. Жастар ұлағат,  тәрбие алса осыдан.  
 
Мұндағы тағдыр әртүрлі. Бірі отбасынан айырылса, енді бірі - өз баласы өзегінен тепкендер. Сондықтан, бұл шаңырақты пана қылған қарттар үшін қоғам ерекше назар аударады.
 
Биылғы жылы мемлекет қазынасынан 300 миллион теңге бөлінді. Жуырда ардагерлер үйі күрделі жөндеуден өтеді.
 
Айгүл ЕРМАХАН
 

Хабарламаларға жазылу