Жамбыл облысындағы таулы атқыштар бригадасының зенитшілер дивизионы - қазіргі заманғы қуатты қару-жарақ пен ұрыс техникасына ие әскери құрылымның бірі.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде қарулы құрама кәсіби тұрғыда әбден жетілген, қорғаныс күші мығым әскерге айналды. Соның арқасында бүгінде олар кез келген қарсыласқа жойқын шабуылдап, тегеурінді тойтарыс беретін күшке ие болып отыр.
Аят Қонысбаев - Тәуелсіз еліміздің Қарулы күштері құрылғалы бері әскерде қызмет етіп келеді. Қазір зенитшілер дивизионында қондырғы командирі. Мотоатқыштар мен танк батальонын жаудың әуе шабуылынан қорғайтын сауытты техниканы басқарады. «Отанды қорғау - әр азаматтың парызы». Аға сержант шеніндегі Аят бұл жауапкершілікті терең сезінеді.
Аят Қонысбаев, зенитшілер дивизионының қондырғы командирі:
Отан - сенің анаң, ал, анаңа қызмет еткенің үшін дәмеленбе, деген сөз бар. Мен сол сөзді ұстанып, өзімді де, қасымдағы жолдастарымды, бала-шағамды тәрбиелеудемін.
Танк батальоны да осы дивизия құрамында. Мұндағы сарбаздар ұрыс жағдайына мейілінше жақындастырылған оқу-жаттығу жиындарында әскери машықтарын ұдайы жетілдіріп отырады.
Руслан Төлешұлы, танк батальонының қызметкері:
Ұрыс техникасында 125 миллиметрлік ұңғысы тегіс, 100 метрден 4 мың метрге дейін нысандарды жоюға арналған құрал, екі пулемет бар.
Тауда әрекет ететін атқыштар бригадасы бүгінде Қарулы күштеріміздің сапындағы ерекше құрама. Кейінгі кездері ұрыс тәсілдеріне енгізілген тың жаңалықтың бірі - құрлық әскерлеріне тікұшақ арқылы әуеден қолдау көрсету. Бұл атқыштарды замануи байланыс құралдары арқылы жау шебінің нақты қай жерде орналасқанына бағыттап отырады.
Қуанышбек Үштаев, таудағы атқыштар бригадасының командирі:
Әуе күштерінің кейбір жерлерде тығылып шабуыл жасауға мүмкіндіктері болады. Оларды ерте барлап, талдауға, өзіміз ерте әдіс қолдану үшін пайдаланамыз.
Үздіксіз жаттығу-кәсіби машықты шыңдайды. Соның арқасында дивизия әрбір далалық оқу жиындарында өздеріне жүктелген тапсырманы шапшаң орындауымен және ұрыс жағдайында үйлесімді іс қимыл көрсетумен ерекшеленіп жүр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ