І топтағы мүгедек Біржан Қожақов жиһаз жасаумен айналысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

І топтағы мүгедек Біржан Қожақов жиһаз жасаумен айналысады

16.04.2014
І топтағы мүгедек Біржан Қожақов жиһаз жасаумен айналысады
Біржан Қожақов - І топтағы мүгедек. Соған қарамастан ол бәсекеге қабілетті бизнестің басында тұр. Оның шеберханасынан шыққан жиһаздарға Батыс Қазақстан өңірі тұрғындары арасында сұраныс жоғары. «Тек ерік-жігердің арқасында өрісті өндірісті жолға қоя алдым», дейді кәсіпкер.
 
Біржан кезінде жол сақшысы болған. 14 жыл бұрын қызметте жүріп аяғын үсіткен ол, ақырында арбаға таңылды. Алайда, масыл болып отыруды жігіт ағасының жаны қаламады. Бастапқыда Жол полициясында істеп, кейін қолынан келетін шаруамен шұғылдануды жөн көрді.
 
Біржан Қожақов, кәсіпкер, І топтағы мүгедек:
Ойда жоқ жерден теледидар қоюға арналған үстел жасадым. Көбі қызығып, сатуға ұсыныс түсіре бастады. Содан кейін жиһаз жасауды қолға ала бастадым.
 
Қазір кәсіпкер қазақы үй жиһаздарын жасауға ерекше ден қойған. Мұнда сан алуан сандықтар мен ерекше стильдегі бесіктерді көруге болады. Цехтағы заманауи технологиялар ағашқа күрделі ою-өрнектерді салады. Сапалы өнімге сұраныс та жоғары.
 
Тіпті көршілес жатқан Атырау, Маңғыстау, Ақтөбеден де іздеп келушілер көп. Қазір Біржанның қарамағында 15 адам жұмыс істейді. Дені - кембағал жандар мен жастар.
 
Армат Базаров, жиһаз құрастырушы:
Мүгедек болса да осындай сау адамдарға жұмыс тауып беріп отырғанын үлкен ерлік, деп санаймын. Менің жұмыс істеп жатқаныма 8 ай болды.
 
Біржан бірнеше жыл болды, мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие ала алмай келеді. Биылғы Елбасының тапсырмасынан кейін бұл мәселенің шешілетініне кәсіпкер сенімді. Тиісінше, өндірісті өрістетуге де мүмкіндік туады. 
 
Рауан ДИӘЛИ
 

Хабарламаларға жазылу