Мүгедектерді мүсіркегенмен, шынайы қолдау неге жоқ? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүгедектерді мүсіркегенмен, шынайы қолдау неге жоқ?

07.12.2014
Мүгедектерді мүсіркегенмен, шынайы қолдау неге жоқ?

Біздің жұрт жантақтан ине, жаңқадан түйме жасайтын шеберлерге кенде емес. Бірі ұста, бірі зергер, енді бірі тоқымашы, тігінші сонау тоқсаныншы жылдары тұралап тынған қазақтың қолөнеріне қайта жан беріп, тынысын аша түсті. Нарықтың мұхитынан тек мықтылар жүзіп өтеді, жүзе  алмағандары су түбіне кетеді.

Сол жүзіп өткендердің басым бөлігінің өз дүниелерін ұлттық нақышта, қазақи бағытта шығарып, өзгенің қаңсығын таңсық көретін біздің ағайынның назарын қазақтың төл туындыларына аудара білуі көңіл семіртіп, көз қуантады.

Дегенмен, барлық шебердің кәсібі жүріп, шекелері шылқып отыр деу артық болар. Мен бүгін сізге бір кейіпкерді айтайын. Орал өңірінде Біржан Қожақов дейтін азамат бар. Қос аяғы жоқ. Арбаға таңылған. Алайда іскерлігі, шеберлігі басы бүтін, сау адамнан артық.

Әлгі «қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» дегендей, өз күшімен кәсіп ашып, өзім мүгедекпін демей, өзге де мүгедек жандарды жанына тартты. Бірақ, қабырғаға бататыны, жергілікті биліктен қолдау аз.

Президент әркез атқарушы билікке мүгедектерді қолдап-қорғаңдар деп тапсырғанда, I топтағы Біржанның Оралда өз күнін өзі көріп жүргені көңілге қаяу түсіреді.

2000-шы жыл 31 жастағы Біржанның өмірін түпкілікті өзгертті. Тас түнде кезекшілікте тұрған жол сақшысының қос аяғын үскірік аяз үсіріп тастады. Аяр тағдыр аяғын алғанмен, Біржан ат құйрығын кесіспеді бұл жалғанмен. Тырмысты, тырбанды. Тағдыр оған басқа мүмкіндік берді.

Арбаға байланғанмен, өмір ағысын тоқтатпайды. Азық керек, 4 баланы асырау керек. Біржан қанында бар суретшілігін жанына серік қылды. Ең алғаш теледидар астына әдемілеп-әрлеп ағаштан шағын үстел жасап көреді, оны ұнатқан біреулер 4 мың теңгеге аттай қалап әкетеді. Содан бастап, Біржан тұрмыстық жабдықтар жасауға бел буады.

Біржан Қожақов, кәсіпкер:

Сандықтардың біреуінде де аққу, сақина сияқты суреттер жоқ. Біз тек қазақы дәстүр мен орнаменттерді енгіземіз. Мысалы, қыздарды ұзатқанда, 4-5 рет шықпайды ғой, бір-ақ рет шығады. Өмірде бір болатын той. Сондықтан, шама келгенше әдемілеп, оның үстіне әр үйде үлкендер болады. Солардың алдында өрнекпен барады.

Дәстүрді дәріптеуден туған бұл сандықтар көздің жауын алады. Алуан түрі тұр. Ою-өрнегі әр қилы, шағыны да, ірісі де бар. Алғаш інісі екеуі бастаған бизнес аяққа тұрғасын «Ғибадат» атты серіктестік ашып алды. Қазір сандықтардың бағасы 20 мыңнан басталады. Ең қымбаты мынау. 180 мың теңге тұратын «алтын сандық».  

Біржан Қожақов, кәсіпкер:

Ертегілерден байқасақ, байлардың үйінде екі, үш, төрт сандықтан болады. Және мұның жұмысы өте көп, бір айға дейін созылады. Әр сандықта өзіңіз байқасаңыз, шаңырақты көп бейнелейміз. Бұл нені білдіреді? Отбасында бала көп болсын, татулық болсын деген ниет.

Шебер Біржан тек сандық қана жасамайды. Күнделікті тұрмысқа қажет ас үй жиһаздарын, жер үстелдерді, баланың бесіктерін де түрлі дизайнмен құрастыра береді.

Біржан Қожақов, кәсіпкер:

Мысалы, мынау жеңіл секілді. Мұның салмағы 2 келі 300 грамм болады. Мұны келін түгілі 4-5 жасар бала көтере алады. Біздің қазақ көшпелі ғой. Қонаққа барса, бесікті үйге тастап кетеді. Сонда бала біреудің үйінде мазасызданып, жатпай қояды. Сондықтан, мынаның тағы жиналатын түрі бар. Шабадан сияқты жиналып қалады.

Қазір Біржанның шағын цехта 20 шақты жұмысшысы бар. Мысалы, дәл қазір Біржанның інісі Ержан қыз ұзатуға арналған шаңырақтың эскизін компьютермен сызып береді. Мінеки, жігіттер шаңырақты тіктеп, сол қағаздағы эскизді шындыққа айналдырып жатыр.

Мейіржан Әлібек, тілші:

Ұлттық бағыттағы сандық, бесік, орындықтардың барлығы сауда нарығына дәл осы тар бөлмеден жасалып шығады. Мысалы, құны 15 мың доллар тұратын мына құрылғы ою-өрнектерді өзі сызып, өзі кестелеп жатыр.

Бұл да адам баласы секілді кейде шаршайды, ол үшін мына тетікті басамыз. Тоқтайды. Кері бассаңыз, жұмысын қайта жалғастырады.

Батыс Қазақстан облысында бүгінде 25 мың 408 мүгедек жан бар. Құр жатпай олар да кәсіп ашқысы келеді. «Бірақ, несие алу жағы қиын», дейді Біржан. Ал, облыс билігі былай айтады.

Марат Кәрімов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Биыл Даму кәсіпкерлікті қолдау қорының бағдарламалары бойынша «Даму көмек» деген бағдарлама бар. Сол бойынша аудандарымыздың барлығында ұсыныстар алынып, 56 адамға яғни 56 мүгедек жанға қолдау көрсетілді.

Ал, Біржан Қожақов жұмысына қажет құрылғылар сатып алуға көмек болмаған соң, амалсыз анасының мына екі бөлмелі үйі мен көліктерін сатқан.

Біржан Қожақов, кәсіпкер:

Біздің Президентіміз нақты-нақты тапсырмалар бергенімен, жергілікті басшылар нақты орындап жатқан жоқ. Бізде басты мәселе несие жөнінде. Және мына ғимарат жөнінде. Мысалы, бізге 4 жыл болды несие ала алмай жүргенімізге.

Даму дегендер шығып жатыр ғой, алда көмектеспесе, қазір олардан тіптен көмек жоқ. Себебі, олар осында келіп, қарайды. Жақсы, жақсы деп сөзбен айтып кетеді. Алайда,  нақты көмегін көріп отырған жоқпыз.

Сандықтары үсті-үстіне мінгесіп, сығылысып тұрған бұл ғимаратты жалға алғаны үшін шебер айына 375 мың теңге төлейді.

Біржан Қожақов, кәсіпкер:

Менде күні кешеге дейін 37 адам жұмыс істеді. Олардың 17-сі мүгедектер еді. Қазір олардың бәрі үйлерінде менен жұмыс күтіп отыр. Менде нақты тапсырыс та жоқ, жұмыс та жоқ.

Жергілікті органдар қаржылай көмектеспей-ақ қойсын, тапсырыс берсе екен. Тапсырыс  берсе, мен мүгедектерді тартамын.

Марат Кәрімов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Біз қолда бар бағдарламаларды ол кісіге түсіндірдік. Бірақ дегенмен де кепілдік жағы шешілмей тұр. Мысалы, Орал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы да біз несие беруге көмектескіміз келді. Бірақ, өкінішке қарай ол кісіде кепілдік жағы болмай отыр.

Біржан үмітін үзгісі жоқ. Жоспарлары көп. Жұмыс істей бермек, тек ұлттық бағытта.

Біржан Қожақов, кәсіпкер:

Өзіміздің қазақтың жиһаздары жоқ. Сондықтан, мынадай отырғыштар жасап жатырмыз, қазақтың өрнегін салып. Шкаф-купе, асүй гарнитурларына да қазақтың орнаменттерін салғымыз келеді. Өте әдемі болар еді.

Ол бүгін қажетті құрылғылар алу үшін тағы көлігін сатты. Өйтпеске амалы жоқ. Жергілікті билікке қарап отырса, жұмысының тоқтап қалатын түрі бар.

Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу