Көкпекті ауылында зардап шеккендер билік назарынан тыс қалмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкпекті ауылында зардап шеккендер билік назарынан тыс қалмайды

01.04.2014
Көкпекті ауылында зардап шеккендер билік назарынан тыс қалмайды
Қарағанды облысы Көкпекті ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір отбасы билік назарынан тыс қалмайды. Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов осылай деді. Қазір ауылда арнайы топтар шығын көлемін есептеп жатыр. Сондай-ақ, түрлі құрылымдардан жиналған адамдар тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетуде.
 
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Көкпекті ауылындағы 300-дей үйді тасқын су шайса, соның 100-не айтарлықтай зақым келген. Ал, мына сияқты 19 үй мүлде тұруға келмейді.
 
Барар жері қалмаған 100-ге жуық тұрғын қазір ауылдағы бос тұрған мектеп-интернатқа орналастырылды. Түрлі жарақат алған 46 адам Қарағандыдағы медициналық мекемелерде ем-дом қабылдап жатыр. Ауылда да дәрігерлер халыққа қызмет етуде.
 
Қаза болған 5 адамның әрқайсысының отбасына 1 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетіледі. Арнайы құрылған 7 комиссиялық топ ауыл ішін аралап, су тасқынынан келген шығынды есептеп жүр.
 
Асхат Әли, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:
Тиісті актілер жасалып жатыр. Бүлінген мүліктер, жөндеуге келетін үйлер немесе жөндеуге келмейтін үйлердің орнына үй салу, болмаса иесінің келісімімен төлем жасау сияқты жұмыстар толық бюджет есебінен қарастырылатын болды.
 
Бүгін күні бойы түрлі құрылымдардан жиналған 700-ге жуық адам көшелерді, үй аулаларын тазарту жұмыстарымен айналысты. Сонымен қатар, 112 техника көмегімен суды ағызу, қоқыс пен мал өлекселерін тасып шығару сияқты қыруар шаруа тындырылды. Тұрғындар көрсетіліп жатқан жәрдемге ризашылықтарын білдіруде.
 
Асқар Мейірғалиев, Көкпекті ауылының тұрғыны:
Сарбаздар аумақты тазалап жатыр. Үйің жарамайды, көмектесеміз деп айтты.
 
Көкпекті тұрғындарына қол ұшын беру үшін жастар да аянып қалмады. Барлығы 200-дей ерікті ұжымдаса еңбек етіп, көптің батасын алды.
 
Мирас Құттыбай, облыстық Жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы:
Осы қиын-қыстау кезде халыққа көмектесу үшін жастар келіп жатыр. Әлеуметтік желілерде хабарландырулар жіберіп едік, жастар өздері жиналып, көмектесіп жатыр.
 
Төтенше жағдайдың мән-жайын анықтау үшін бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов арнайы мекемеаралық комиссия құрылатынын айтты. Оған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко жетекшілік етеді. 1951 жылы қолданысқа берілген Көкпекті су бөгеті бүгінге дейін жекенің меншігінде болған.
 
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Бөгет бүгінге дейін «Шаңырақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еншісінде болған. Қазір меншік иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жауапты органдар көп ұзамай істің ақ-қарасын анықтайтын болады. Еліміздің кей өңірлерін әлі де су басу қаупі бар. Атап айтқанда, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында. Бірақ, Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайды жіті қадағалап отыр.
 
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу