Референдум: Қазақстандағы ауқымды шаралар жаһан жұртының назарынан тыс қалмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Референдум: Қазақстандағы ауқымды шаралар жаһан жұртының назарынан тыс қалмайды

31.05.2022

Халықаралық қауымдастықтың белді мүшелерінің біріне айналған Қазақстандағы ауқымды шаралар жаһан жұртының назарынан тыс қалмайды. Алдағы жексенбіде өтетін референдум туралы шетелдік БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр. Саяси оқиғаны Еуропа сарапшылары да қызу талқылап, дүркін-дүркін пікір білдіруде. Қарт құрлықтың сыншыларымен әріптесім Нұрсұлу Қасым сұхбаттасты.

«Қазақстанда реформа қалай жүріп жатыр? Норвегиялық «Resett» тәуелсіз медиа басылымында жарық көрген мақаланы санаулы сағаттарда мыңдаған адам оқыған. Авторы Хенрик Вереншольд жақында Нұр-Сұлтан, Алматы мен Түркістанға арнайы сапарлап, елдегі ахуалмен жіті танысыпты. Саяси шолушы билік пен халықтың Жаңа Қазақстан құруға талпынысын жоғары бағалап отыр.

Хенрик Вереншольд, Норвегиялық журналист, саяси сарапшы:
Президент Тоқаев «тамыр-таныстық пен жемқорлық қазақ қоғамын құрдымға әкелді»-деді. Бұл келеңсіздіктер қоғамның дамуын, экономикалық дамуды тежейді. Мен де демократияның, адам құқының басты жақтаушысымын. Сондықтан, осы референдум, жаңа реформалар Қазақстанда ашық саяси жүйе қалыптастырады деген үміттемін.

«Мәжіліс депутаттарының 30 пайызын халық тікелей сайлайтыны, таңдаған депутаттың жұмысы ұнамаса оның мандатын қайтаруға құқылы болуы-демократияның жарқын көрінісі»-дейді бельгиялық Альберто Тюркстра. Былтыр Қазақстандағы парламент сайлауына байқаушы ретінде қатысқан ол сайлау үдерісін жаңғырту-«халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сәтті жүзеге асыруға жол ашады деген пікірде.

Альберто Тюркстра, Дипломатиялық әлем институтының сарапшысы:
Президенттің өкілеттілігін биліктің басқа тармақтарына бөлуге бағытталмақ. Билікті заң шығарушы, атқарушы билікке бөлу, парламентке өз қызметін мұнтаздай атқаруға еркіндік береді. Меніңше азаматтық қоғам, жалпы қазақстандықтар мұндай өзгерістердің болғанын қуана құптайды. Демек, бұл Президент Тоқаев айтқан «Екінші мемлекет» болуға, азаматтық қоғамы қалыптасқан мықты елге айналудың нық қадамы.

Төртінші билік өкілдерінің пайымынша Конституциялық сот құрылып, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі Ата заңмен айқындалатыны-азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған қадам. Конституцияға енгізілетін түзетулер мемлекеттік басқару моделін, саяси жүйені түбегейлі өзгертіп қана қоймай, қазақ елінің әрі қарай да тұрақты, қуатты дамуына серпін берері сөзсіз-дейді шетелдік сарапшылар.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу