Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Көкпекті ауылындағы су бөгетінің бұзылуынан кейін тиісті құзырлы органдар қызу жұмысқа кірісті. Қазір үйлерінен көшірілген тұрғындар баспаналарына оралды. Оқиға түнде жұрт шырт ұйқыда жатқан тұста болғандықтан, шығын айтарлықтай көп.
Қазір оқиға орнында құтқару қызметтері зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуде. Билік өкілдері төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындардың ешқайсысы көрсетілер көмектен шет қалмайтынын айтады.
Бас-аяғы 800-ден астам шаңырағы бар Көкпекті ауылының 300-дей үйін су шайды. Күндізгі төтенше жағдайлар қызметкерлерінің ескертуінен соң 270 адам ауылдағы мектепке, туған-туыстарына көшкенімен, бірлі-жарымы үйде қалған.
Оқиға салдарынан ажал құшқандардың да дені - солар. Бүкіл дүние-мүлкі жарамсыз қалғандар да қаншама.
Тілеуғазы Ақжанов, Көкпекті ауылының тұрғыны:
Түн ішінде үйден зорға шықтық. Автобуспен кеттік. Келсек, судың ағысы көлікті жыраға лақтырып жіберген.
Көкпекті ауылы - Бұқар жырау ауданындағы шағын кәсіпкерлік жақсы дамыған тірек мекендердің бірі. Алайда, табиғи апаттың салдарынан көпшілігінің шаруашылығы құрдымға кетті.
Солардың бірі - Альбина Герман. Өткен күзде ғана қомақты сомада несие алып, бөдене шаруашылығын бастаған болатын.
Альбина Герман, Көкпекті ауылының тұрғыны:
Мен мына сарайымда 1200-ден астам бөденені өсіріп жатқан едім. Ол үшін банктен 1 миллион 400 мың теңге несие алдым. Міне, көрмейсіз бе, бір-ақ күнде барлығынан айырылдым. Өзім жалғызілікті анамын. Бір қызым бар.
Бүгін түске таман оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко келді. Оқиғаның мән-жайымен танысқан соң жергілікті билік өкілдерімен кеңесіп, арнайы жұмыс штабы құрылды.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Қаза тапқандар саны - 5 адам. Екі үй толығымен құлаған. 100 үй айтарлықтай зақымданған. Одан тыс, басқа да 200-дей үйге су кірген. Мал-мүлкінен айырылғандар да бар. Олардың шығынын қазір ветеринар мамандар анықтап жатыр.
Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының әкімі:
Шығын келген тұрғындардың бәріне Заң негізінде көмек береміз. Алғашқы жәрдем де көрсетіледі. Ал, қаза тапқандарды жөнелтуге кететін шығынды жергілікті билік өз жауапкершілігімізге аламыз.
Көкпекті жұртына көмекке келген төтенше жағдайлар қызметкерлері, денсаулық сақтау саласының мамандары, полицейлер, әскерилер мен билік өкілдері бар, барлығы 300-ден астам адам ауылда жұмыс істеп жатыр. Ертең де арнайы мобильдік топтар құрылып, тұрғындарға барынша жәрдем береді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ