Су емес - у - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су емес - у

31.03.2014
Су емес - у

 Жамбыл облысындағы кезінде атағы алысқа кеткен Билікөл бүгінде еліміздегі суы ең лас айдынның бірінен саналады. Химия зауытынан шыққан өндірістік қалдықтың төгілуінен бір кездері мұнда балықтар түгел қырылып, су асты флорасы бүлінді.
 
 Содан бері арада 40  жылдай уақыт өтті. Қаншама зерттеу жұмыстары жүрді, су айдынының қойнауын сауықтыруға әрекет жасалғанымен, Билікөл әлі зардаптан толық арылған жоқ.
 
 Эколог мамандар мен ғалымдар көлдің суын тазарту, оның қойнауын қайта қалпына келтірудің бірнеше нұсқасын ұсынып отыр. Ендігі мәселе жергілікті биліктің қолдауымен қазынадан қаржы бөлуге тіреліп отыр.
 
 Билікөлдің басына бұлт бір емес, екі рет  үйірілді. Алғашында 1973 жылы. Фосфор өндірісінен шыққан улы төгінділер Аса өзенін қуалап, көлге барып құйылды. Одан кейін араға 8 жылдай уақыт салып, бұл жағдай тағы да қайталанды. Соның салдарынан судағы зиянды заттардың мөлшері бірнеше есе көбейіп кеткен.
 
Лариса Бесбалова, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы зертханасының меңгерушісі:
Сульфиттердің концентраты шекті мөлшерден 9 есе асып кеткен. Ал, фосфоридтер 1,5-2 еседей артық. Ал, оттегінің биохимиялық лайлану шегі 41 есеге жеткен. Ең өкініштісі, көлдің түбіне шөккен улы заттар жел соққан күндері толқынмен қайта көтеріле береді.
 
 Билікөл - өңірдегі арнасы терең, ірі су айдыны. 1,5 миллиард текше метрдей су жиналады. Желді күндері ақ бұйра толқындары жағалауды ұрып жататын көлдің бүгінде базары тарқаған. Бұрынғыдай үйрек-қазы шулап, балығы туламайды.
 
Ғани Қалмаханов, тілші:
Кезінде Билікөлде сазан, табан, көксерке, мөңке секілді балықтың 10-нан астам түрі мекен еткен. Өндірістік апаттан соң шабақтар қолдан көбейтіліп, айдынға жіберілгенімен, балық қоры бұрынғы деңгейге жете алмады. Қазір мұнда жылына 15 тонна ғана балық ауланады. Бұл - бұрынғыдан бірнеше есе аз.
 
 Билікөлге осыдан екі жыл бұрын ғылыми зерттеу шаралары жүргізіліп, судан балық-балдыр және шөгінділерден сынамалар алынды. Оның қорытындысына сүйене отырып, айдынды улы заттардан тазартудың бірнеше әдісі ұсынылды.
 
Еркебұлан Анабеков, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
Сол белгіленген әдістердің ішінде таңдау жүріп жатыр. Олар механикалық әдіс, химиялық, физикалық және биологиялық әдіс. Қазір бізге беріліп жатқан ұсыныс бойынша биологиялық әдіс қолайлы саналуда.
 
 Қазынадан қаржы бөлінсе, бұл жұмыс жақын күндері басталғалы отыр.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу