Тұрғын үйлерді жөндеуге бөлінген қаржы желге ұшты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үйлерді жөндеуге бөлінген қаржы желге ұшты

29.03.2014
Тұрғын үйлерді жөндеуге бөлінген қаржы желге ұшты

Елімізде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бар. Соған әжептәуір қаржы бөлінеді. Петропавлда сол бағдарламаға енген 4 бірдей үйді жөндеуге алған кәсіпкер істі соңына дейін жеткізбеген. Жұмысын аяқтамағаны былай тұрсын, ақшаны қалтасына басып, ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Соның кесірінен бір емес, үш бірдей тұрғын үйдің сұры қашып тұр қазрі.

 
Бұл Шухов көшесіндегі үй. Бұрын ірі зауыттың жатақханасы болған, халық арасында «3 торай» атанып кеткен жапсарлас салынған үш бірдей ғимарат. Әрқайсысында 69 пәтерден бар. «Компания Эзар» серіктестігі 2012 жылы келісімге отырып, шатырын жауып, құбырларын жаңартуы тиіс болатын. Бірақ, өткен жылдың қараша айында ғана жұмысқа кіріскен құрылысшылар істі шала-шарпы аяқтап, биыл тастап кетті.
 
Дәулет Қалиасқаров, Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы:
Бұл оқиға құрылыс компаниясының жауапсыздығынан болып отыр. Оны тұрғындардың өзі таңдаған. Бірақ, біздің тарапымыздан да қателік жіберілді. Өйткені, уақтылы бақылау жүргізген жоқпыз.
 
Қазір кәсіпкердің сайда саны, құмда ізі жоқ. Тіпті, қалалық тұрғын үй инспекциясының бұрынғы басшысы да жұмысынан босатылды. Енді жергілікті атқамінерлер құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін басқа мердігер компанияны тартпақ.
 
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Бәрінен де жапа шегіп отырған тұрғындар. Өйткені, жобалық сметалық құжаттарға сәйкес құрылыс компаниясы мына кіре берісті жөндеу керек болатын. Бұған қоса, шатырды бастап, оны да аяқтамай кеткен. Ал, жертөленің жағдайы мүлдем нашар.
 
Салынғанына 40 жылдан асқан ғимараттың ылғалдан қабырғалары мүжіліп, құбырлары шұрқ-тесік. Былтыр жұмыс басталған кезде, біз де адам сияқты жайлы үйде тұрамыз, деп қуанған тұрғындардың көңілдері су сепкендей басылды.
 
 Ирина Хайрудинова, тұрғын:
Жертөлеге кіре берісте кірпіш үйіліп жатыр. Құлап кете ме деген қауіп бар. Сондықтан тезірек жөндесе екен. Өз күшімізбен аяқтауға біздің жағдайымыз көтермейді. Ақшасын төлеуге келісім бердік қой.
 
Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына енгізілгеннен бері Петропавлда 95 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ, біразында жөндеу жұмыстары сапасыз, әрі аяқталмай қалғандықтан, тұрғындар енді не істерлерін білмей дал. Ендігі үміт жергілікті билік бұл іске шұғыл араласып, басталған іс аяқталса деп тілейді.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу