Курчатов «ғылым қалашығы» мәртебесін алуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Курчатов «ғылым қалашығы» мәртебесін алуы мүмкін

24.03.2014
Курчатов «ғылым қалашығы» мәртебесін алуы мүмкін
Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы «ғылым қалашығы» мәртебесіне ие болуы мүмкін. Жарты ғасырға жуық уақыт атомның ресми астанасы саналса да, әлемнің ешбір картасында көрсетілмеген жасырын қала, бүгінде қайта жаңғыру кезеңін бастан кешуде. Онда қазір еліміздің ұлттық ядролық орталығы, ядролық технологиялар паркі жұмыс істеп тұр. Ғалымдар атомды бейбіт мақсатта қолдануға байланысты түрлі жобаларды қолға алған.
 
Семей сынақ полигонын Елбасымыз ресми түрде жапқанда ғана жалпақ жұртқа атом сынақтарын басқарған әскери қалашықтың барлығы мәлім болды. Оған академик Курчатовтың есімі берілгенге дейін, шартты түрде «Мәскеу-400» деп аталған. Бұдан бөлек шаһар «Конечная», «Берег», «Семипалатинск-21» деп те әртүрлі аталып келді. Ал, жергілікті халық оның болашағынан үміт күтіп, өзара «Үміт» деп атаған. Қазір сол үміт ақталып, шағын шаһар жаңғырып келеді.
 
Дмитрий Гариков, Курчатов каласының әкімі:
Қаланы дамыту мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Қазір ең бастысы біз Курчатовқа «ғылыми қалашық» деген мәртебе беруді ұсынып отырмыз. Бұл шаһардың одан әрі дамуына, ғылымның дамуына үлкен сеп болады, деп санаймыз.
 
Бүгінде 11 мыңнан астам халқы бар қала тұрғындарының дені жастар. Жарты жыл бұрын ғана шаңырақ көтерген Ержан мен Динара да Курчатовтың тұрғындары. Отбасын құра сала ойланбастан Семейден көшіп келген. Қазір мамандықтары бойынша қызмет атқарып, қаланың өркендеуіне үлес қосып келеді.
 
Динара Әлімбекова, Курчатов қаласының тұрғыны:
Балабақшалар мен әлеуметтік нысандар ашылып жатыр. Жұмыс орындары беріліп жатыр. Қалада болашақ бар. Жастар жұмыс істеймін десе. Әркімге де жұмыс табылады.
 
Қаланың болашағы зор екендігін мамандар да айтып отыр. Қазір шаһарда орналасқан ұлттық ядролық орталықтың атомды бейбіт мақсатта қолдану бойынша тың жобалары бар.
Солардың бірі  - «Токомак» термоядролық реакторы. Ғалымдар баламалы энергия өндіру үшін тәжірибелер жасалатын бұл қондырғының әлемде теңдесі жоқ, дейді. Жоба іске асса еліміз еш зиянсыз, сарқылмас қуат көзін өндіруге қол жеткізбек.
 
Геннадий Шиповалов, Ұлттық ядролық орталық қызметкері:
Бұл - болашақтың энергиясы. Баламалы энергия өндіруде тиімді әдісті іске асырмақпыз . Егер жоба іске асса Қазақстан әлемде сарқылмас қуат көзіне қол жеткізетін мемлекет болады. Қазір біз осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.
 
Бұрынғы Семей сынақ полигонының территориясы 18 мың шаршы километр аумақты алады. Бүгінде сол учаскенің 30 пайызы зерттеліп болды. Полигонның солтүстік аумағын ауыл шарушылығы мақсатында қолдануға болатындығы анықталды. Зерттеуді қажет ететін, мүлдем пайдалануға келмейтін бөліктерін де орынды іске асыруға мүмкіндік бар, дейді ғалымдар.
 
Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:
Біз Үкіметке бұл жерлерді босқа ұстамай, технологиялық қалдықтарды сақтау полигонына айналдыруды ұсынып отырмыз. Басқа үлкен қалалардың төңірегіне қалдықтарды төккенше, біздің бақылауымыздағы жерге сақтаған дұрыс. 
 
Алда ғалымдар мен қала басшылығы Курчатов шаһарында өңірлік ядролық кластер құруды жоспарлап отыр. Ол үшін, білікті мамандар да, арнайы база да жеткілікті. Жақында қосымша инновациялық оқу орындары да ашылмақ. Сөйтіп, кезінде атом сынақтарын іске асыруға қолданылған құпия шаһар, еліміздің ғылым саласын дамытуға серпін беретін орталыққа айналмақ.
 
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу