Қарағанды облысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында біраз тындырымды тірліктер қолға алынуда. Оның шапағатын мүмкіндігі шектеулі жандар да көре бастады.
Олардың біразы қазірдің өзінде тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Мұның барлығы да «Біз барлық мүгедектер үшін кедергісіз, ашық қоғамға айналуымыз керек» деген Елбасы тапсырмасының шеңберінде жүзеге асырылуда.
Марал Жарылқасымова - мүмкіндігі шектеулі жан. Біраз жылдар бос отырыпты. Биыл ақпан айында Жұмыспен қамту орталығы арқылы аудандық мұрағатқа қызметке тұрды. Сөйтіп, бір кездегі жабырқау күндері енді артта қалды. Ел қатарлы еңбек етіп, ертеңгі зейнетақысының негізін қалап жүргеніне дән риза.
Марал Жарылқасымова, мүмкіндігі шектеулі жан:
Мүмкіндігі шектеулі жандарға көп көмек көрсетіп жатыр. Осылай жұмысқа орналастырып, жағдай жасап жатқанына ризашылығымды білдіремін.
Қарқаралы ауданы бойынша өткен жылы Жұмыспен қамту бөлімі арқылы 276 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Мемлекеттік бағдарлама шарапатын көргендерге бас-аяғы 528 миллион теңге қаражат жұмсалған.
Ол азаматтардың барлығы қосымша мамандық алып, бірқатары жеке кәсіптерін ашты. Солардың санатынан мүмкіндігі шектеулі жандар да шет қалмады. Бұл игілікті іс биыл да өз үрдісінде жалғасын тауып, бағдарлама аясында 195 миллион теңге бөлінген.
Қанат Бабайбеков, Қарқаралы ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры:
Елбасының Жолдауына сәйкес мүгедектерді қолдау мақсатында 3 адам несие алған болатын. Сондай-ақ, үшінші бағыт бойынша бізде 10 адам кәсіби оқуды аяқтап, тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Жалпы, мұндай мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа келгенде жауапкершілігі өте жоғары», дейді орталық мамандары. Олар өздеріне берілген мүмкіндікті бек ұстанып, тындырымды еңбек ететіндерін нақты істерімен дәлелдеп отыр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ