ІІ топтағы мүгедек Бейбіт Әлімбаев әкімнің кеңесшісі қызметіне тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІІ топтағы мүгедек Бейбіт Әлімбаев әкімнің кеңесшісі қызметіне тағайындалды

23.04.2014
ІІ топтағы мүгедек Бейбіт Әлімбаев әкімнің кеңесшісі қызметіне тағайындалды
Балқашта мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бағытында тындырымды тірліктер жүргізілуде. Қазір қалада мүгедектер үшін бірқатар тың әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Елбасының халыққа арнаған Жолдауында айтылған тапсырманы орындауда балқаштықтар жүйелі жұмыс істеп жатыр.
 
Бейбіт Әлімбаев жақында ғана Балқаш қаласы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды. Ол - ІІ топтағы мүгедек. Үйде 5 жылдай жұмыссыз бос отырыпты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың алдынан туындайтын кедергі атаулыны ол жақсы біледі.
 
Шаһарда 3200 мүгедек бар. Соның 200-ден астамы - бала. Бейбіт  жаңа қызметке келгелі осы кембағал жандардың мүддесі үшін барын салып жүр.
 
Бейбіт Әлімбаев, Балқаш қаласы әкімінің кеңесшісі:
Біз мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз аймақ құруымыз керек. Ол үшін атқарылуы тиіс жұмыс жетерлік. Бірақ, мүгедектер де өздері іштей түйсініп, өздері қоғаммен араласуы керек. Меніңше екіжақты байланыс бар жерде шешілмейтін мәселе жоқ.
 
Қалада мүгедектердің бәріне тең қарап, оларға түрлі әлеуметтік жобалар арқылы көмек беріледі.
 
Мәселен, «Үлкен жүрек» деп аталатын  ақыл-есі төмен және дене мүшесі жетілмеген балаларды дамыту орталығы шетелдік оқыту, тәрбиелеу әдістемесімен жұмыс істеп келеді. Бүлдіршіндердің  сабақ оқуына барлық мүмкіндік жасалған.
 
Жанат Томпиева, Балқаш қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
Қаламызда мүгедек жандар үшін 4 бірдей ауқымды әлеуметтік жоба жұмыс істейді. Ол үшін қалалық қазынадан биыл 12 миллион теңге қаржы бөлінді. Одан тыс мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтылуда, түрлі әлеуметтік жәрдемақыларын да алып тұрады. Инватаксилер жүреді, күтушілер қызмет көрсетеді.
 
Балқаш қаласында облыс деңгейінде бірінші болып сауда орындары мен әлеуметтік мекемелерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы сырттан кіретін лифттер орнатылмақ.
 
Бұл жобаны жүзеге асыруды қолға алған мердігер компания жақында жұмысты бастамақ. Мүгедектер үшін Балқаш шаһары жүріп-тұруы оңтайлы, кедергісіз қалаға айналмақ, дейді сәулетші мамандар.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу