Отан үшін от кешкендер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отан үшін от кешкендер

07.03.2014
Отан үшін от кешкендер
1418 күн мен түн. Екінші жаһан соғысына қатысқан аталарымыз осыншама күн толарсақтан саз кешіп, өлім мен өмірдің тайталасын көрді. Осы соғыста қаза тапқандар саны 55 миллионнан асып жығылады. Ресми дерек бойынша, оның 10 миллионы неміс сарбазы, 27 миллионы Кеңес одағының адамы.
 
Әрине, соғыс болғаннан кейін жеңген бар, жеңілген бар. Құрбандар саны фашистік Германиядан әлдеқайда көп болғанмен, Кеңес Одағы жеңіске жетті. Бұл жеңіс - бабалардың қанымен келген жеңіс.
 
Сұрапыл соғыс жылдары Қазақ жерінен 2 миллионға тарта адам әскер қатарына алыныпты. Сол көптің ішінде, Тұрсынбай Момынқұлов атамыз да бар еді. Ең алғашқы көрген майданы Киев шайқасы еді. Ол кез - 1943-тің қоңыр күзі болатын. Жаумен ай бойы арпалысып, ақыры азат етті. Мұнан кейін де бірнеше ұрысқа қатысты. Барлығында дұшпанды тықсырумен болды.
 
Бейсенбай Абайылдаев, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері:
Соғыстың аяғына дейін, Берлинге дейін бардық. Рақымжан Қошқарбаевпен бірге болғанбыз. Рейхстагта ту тіккеннің бірі менмін. Мемлекетіміздің қамқорлығына ырзамыз. Жастарға ғұмыр тілейміз.
 
Бейсенбай ақсақал үшін соғыс 39-шы жылы басталған еді. Фин шайқасын аяқтап болысымен, екінші бір соғысқа, «Ұлы Отан» деп аталатын шайқасқа қойып кетті. Жеңді. Ол жауды, ал уақыт мұны жеңді. Ерте кетіп, соңынан келді.
 
Бейсенбай Абайылдаев, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері:
Финдерді қуып кеткеннен кейін, мен Эстония, Латвия, Кенисбергте болдым. Онан кейін Украина, Беларусь, содан кейін қайтадан Ресейге келдік. 1948 жылы  6 сәуірде елге аман-есен келдім ғой.
 
Сөзге тартқан ардагерлердің барлығы да, соғыста төгілген қанның өтеуі болғанын айтады. Өтеуі сол, түніміз тыныш, күніміз бейбіт. Ал жастарымыз бақытты ғұмыр сүріп жатыр.
 
 
Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу