Балабақша тәрбиешілері тығырыққа тірелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балабақша тәрбиешілері тығырыққа тірелді

06.03.2014
Балабақша тәрбиешілері тығырыққа тірелді

Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты Қызылжар ауылындағы балабақшада қыс толық аяқталмай жатып, отын таусылып қалды. Соның салдарынан бөбекжайды суық құрсаулап, осында келетін бүлдіршіндердің саны күрт кеміп кетті.

 
Мұның өзі тәрбиешілердің онсыз да жартымсыз жалақысын қысқартып тастауға сылтау болып отыр. Амалы таусылған балабақша қызметкерлері өз балаларын әкелуге мәжбүр. Өйтпесе, мүлдем жалақысыз қалулары мүмкін.   
 
Әлия Таласова, тілші:
Мына 20 керует 2 айдан бері бос тұр. Салқын ғимаратта бүлдіршіндер жиі ауырады. Ал, жағатын отын жоқ. Балабақшаға тиесілі көмірдің қалғаны мынау ғана, 3-4 шелектен аспайды. Ал, қар еріп, күн жылынғанша әлі екі ай бар. Жұмыссыз қалмас үшін балабақша қызметкерлері отынды да үйден тасуды ойлап отыр.
 
Ғимаратты жылыту үшін бір қысқа 25 тонна көмір қажет. Бірақ, бөбекжайға 8 тоннадай түсірілген. Үнемдегенмен ақпанға дейін жетпеді. Жалғыз от жағушы түнде электр пешін қосып, ұйқы көрмейді. Күндіз көмір тасудың қамымен болады.
 
Нұрлан Ботбаев, от жағушы:
Меңгеруші мектептен тасы деп еді. Білетін шығар деп едім. Жайлап тасып жүргенде мектептің завхозы ұстап алып, маған тыйым салды, тасыма деп. Енді балалар үшін күнде жайлап, таңертең 1-2 тасып аламын тығылып. Температура ұстау керек. 18 ұста дейді. Көмір жоқ, қалай ұстаймын. Қыстай жаққызған жоқ. 5-6 шелектен жаққызды.
 
Бөлмедегі температура 13 градус. Ғимарат жөнді жылымаған соң, ата-аналар балаларын әкелмейді. Тәрбиеленуші жоқ, демек жалақы да аз. Жан басына шағып, төлеудің кесірі тиіп тұр, дейді 13 қызметкер.
 
Гүлнұр Шәукебаева,  тәрбиеші:
1 айда табель тапсырғанда 40 немесе 67 пайыз шығады. Қолыма алатын жалақым 20 мың теңге. Оны мен балабақшаға төлеймін ба, әлде өзіме жұмсаймын ба?
 
Айнұр Оразалина, аула тазартушы:
Жалақым 14 мың 500 теңге. Қазір енді, 5-ақ мың. Оны да келмей қалған балаларға беріп жібереміз.
 
Қолға аз болса да ақша түсу үшін жұмысшылар өз қалтасын қағып отыр. Ауданда бекітілген қаулы бойынша келісімшартқа қол қоймай отырғандары да содан. Ал, аудандағы білім бөліміндегілер бұл жалпыға ортақ талап дейді.
 
Жаңыл Қарабатырова, Қобда аудандық білім бөлімінің бас маманы:
2013 жылдан бастап біздер 1 айда жан басына шаққан қаржыландыру көлемімен барлық балабақшаларда осы қаулы енгізіліп, осымен жұмыс істеп жатырмыз.
 
Үкімет қаржысын үнемдеуді көздейтін жүйе Қобда ауданындағы 20 балабақшаға енгізілген. Түсіндіру жүргізілуде. Әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көтеріледі деген жаңалыққа марқайып жүрген қызылжарлықтар керісінше, жөнді еңбекақы ала алмай налып отыр. 
 
  
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу