Береке басы бірлікте - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Береке басы бірлікте

01.03.2014
Береке басы бірлікте
 
Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына - 19 жыл. Бұл ұйымның еліміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың сүттей ұйып отыруына қосқан үлесі сүбелі. Ассамблеяның құрылған күніне орай еліміздің әр түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Біздің өңірлердегі тілшілер де осы оқиғалардың басы-қасында жүр. Ендеше сырға толы Сыр елінде бұл күн қалай аталып өтуде? Әріптесіміз Ақерке Берікбекқызы байланысқа шыққан Қызылорда қаласына кезек берейік.
 
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Сан алуан ұлт пен ұлыстың өкілдері бас қосқан Сыр елінде 11 ұлттық-мәдени орталық бар. Олардың әрқайсысы еліміздегі әрбір мерекені немесе атаулы күнді елеусіз қалдырмайды. Дәл қазір біз өңірдегі татар ұлттық-мәдени орталығына келіп тұрмыз. Мұнда өте көңілді, ән айтылып, би биленіп жатыр. Ал, менің қасымда орталықтың жетекшісі Ғалия Ғизаттулина тұр.
 
Ғалия Ғизатуллина, Қызылорда облыстық татар ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі:
Біз осы орталықта жиі бас қосып, көп жұмыстар атқарамыз. Биыл бізге 23 жыл толады. Біз тәуелсіздік құрдасымыз. Біз Қазақстанмен бірге алға жүргенімізге қуанамыз.
 
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Небір қиын-қыстау сәттерде түрлі ұлт пен ұлысқа пана болған Сыр елінен бұл жандар ешқайда кеткісі келмейді. Олар үшін Қазақстан - Отан, Қызылорда - Туған жер. Ал тәуелсіз еліміздегі ұлтаралық келісім мен тұрақтылық жүзі бөлек болғанымен, жүрегі бір, тілі бөлек болғанымен, тілегі бір ұлт өкілдерін бір атаның баласындай бауыр еткен.
Менің бұл сөзімді Солтүстік Қазақстандағы әріптесім Сағындық құптай түседі деген ойдамын. Сағындық, сөз кезегі өзіңде.
 
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Қазақстан Халқы Ассамблеясының 19 жылдығын қызылжарлықтар да атап өтті. Ел тарихында өзіндік  орны бар бұл ұйым береке мен бірліктің, ынтымақ пен татулықтың қалыптасуына ерекше ықпал етті.
 
Достық үйінде Петропавлдағы этно-мәдени бірлестіктің басшылары  «Мәңгілік ел» патриоттық актісі  туралы пікір алмасты. 22 жыл ішінде  еліміздің  жеткен жестіктері сараланды.  Бүгінде Қазақстан әлем мойындаған мемлекетке айналды. Мұның барлығы да елдегі тұрақтылық пен рухани келісімнің арқасында жеткен жетістік.
 
Екатерина Ильина, Петропавл қалалық «Радзима» беларусь ұлттық-мәдени орталығының мүшесі:
Бізге өз дәстүрімізді, салтымызды сақтап қалу үшін Ассамблеяның берері мол. Біздің елімізде  алауыздық  жоқ, тыныштықта, бейбіт өмір сүріп жатырмыз.
 
Виктория Пытьева, оқушы:
Отан менің ата-анам,
Отан досым, бауырым.
Отан үлкен Астанам,
Отан туған ауылым.
 
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Қазір өңірде 22  мәдени бірлестік бар. Бір шаңырақ астында  тұрып жатқандықтан, олардың мақсаты мен мүддесі бір. Ол Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.  Қазір сөз тізгінін Маңғыстаудағы әріптесіме беремін. Жазира!
 
Жазира Әбіл, тілші:
Рахмет, Сағындық! Қазақстан Халқы Ассамблеясының 19 жылдығы Ақтауда да кең көлемде атап өтілуде. «Шавдал» деп аталатын лезгин би мектебіне қатысушылар өздерінің жалынды да, жігерлі билерімен мереке көркін аша түсуде. Бұл мектептің 11 жылдық тарихы бар.
 
Лезгин би мектебіне 100 шақты тәлімгер келіп жүр. Кавказ ұлтының өкілдері жексенбілік мектепте ана тілін үйренсе, би үйірмесінде төл  мәдениеті дәріптеледі.
 
Эмиль Рамазанов, үйірмеге қатысушы:
Қазақ жерінде барша ұлт тату-тәтті тұрып жатырмыз. Осында да әр халықтың өкілдері өнер үйреніп, бауырдай болып кеттік. 
 
Сондай-ақ, Ассамблеяның бастамасымен шаһарда «Мәңгілік ел» акциясы өтті. Оған  үш жарым мың адам қатысты.
 
Магомед Лорсанов, «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық - мәдени орталығының төрағасы:
Маңғыстауда 700-ден астам шешен мен ингуш өкілдері тұрады. Барлығымыздың тірлігіміз түзу жүріп жатыр. Облыс, қала деңгейіндегі мәдени шараларға қатысып жүрміз.
 
Жазира Әбіл, тілші:
Шара одан әрі барлық ұлттық мәдени орталықтарда жалғасын таппақ. Мерекені Талдықорғанда қалай атап өтуде? Әріптесім Қуаныштан сұрап білейін.
 
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Рахмет, Жазира! Жер жаннаты Жетісу десек, бұл өңір 100-ден астам ұлт пен ұлысқа құшағын жайған қасиетті де, құтты мекен. Шонжы ауылындағы ұйғыр ағайындардың Қазақстан Халқы Ассамблеясына өзінің мерекелік тартуы бар.
 
Ұйғыр ауданындағы «Арзу» халықтық ән - би ансамбіліне биыл – 53 жыл. 20-ға жуық өнерпаздан құралған ұжым аудандық, облыстық, республикалық деңгейде өтетін іс-шараларға белсене қатысып келеді.
 
Мунира Абдуллаева, Ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің мүшесі:
Ұйғыр халқының мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін нығайтуда барлық жағдай жасалуда. Ауданымызда екі «Іле шұғыласы», «Қарадала»,  газеттері қазақ және ұйғыр тілінде жарық көріп жатыр.
 
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бұл көп ұлтты Алматы облысы халқы мәдениетінің бір шеті ғана. Мендегі ақпарат осы. Әріптестер?!
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
Сағындық СӘБИТҰЛЫ
Жазира ӘБІЛ  

Хабарламаларға жазылу