Күн санап көктем күтіп жүргенімізде, қыс қаһарына мінді. Өткен тәуліктің өзінде еліміз бойынша 600-ден астам адам құтқарылып, 73 техника эвакуацияланды. Бірақ, мамандардың айтуынша айтарлықтай алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі, бұл қыстың соңғы аязы. Көп ұзамай көктемнің лебі еседі, дейді синоптиктер.
Қыс қыспаққа алған жандардың бірі - Сайлыбековтер отбасы. Қатты аяздың салдарынан, мына қос балдырған, мектепке баруды да доғарған.
Жеңіс Сайлыбеков, Астана қаласының тұрғыны:
Бір-екі күн болды ауа райы тұрақсыз. Қалың қар, жел. Балалардың мектепке баруы қиын. Екі күн сабаққа бармады.
Өткен тәуліктің ішінде республика бойынша ауа райының тұрақсыздығынан жолда қалған 600-ден астам адам құтқарылды. Аяз, әсіресе, Жамбыл облысында қатты болды. Мұнда бір тәуліктің өзінде 520 адам мен 53 автокөлік қар астында қалған.
Қызылорда облысында да күн күрт суытып кетті. Өңірде 40 жолаушы мен 11 көлік қалың қардан жолда қалды. Алматы мен Қарағанды облыстарында 15 адам, ал Павлодар облысында 10 азамат пен 2 автокөлікке көмек көрсетілді. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында да соңғы екі тәулікте 185 автокөлік қар астынан шығарылды.
Ғылымбек Рахимбаев, «Қазақавтожол» мемлекеттік кәсіпорынның облыстық филиал директоры:
Ресейдің азаматтары екі автокөлікпен жолда батып қалған. Соларды шығарып алып, біздің жылыту бекетіне апардық. Шайларын беріп, жолды ашып болған соң, шығарып салдық
Руслан Иманқұлов, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
Жалпы жыл басынан бері 5983 адам эвакуациаланып, 1667 техника құтқарылды. Ең күрделі жағдайлар Алматы облысында, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды,Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында болды. Қазіргі таңда Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты жолдар жабулы. Зардап шеккендер жоқ.
Синоптиктердің айтуынша, алдағы күндері ауа райы тұрақталып, көп кешікпей көктем де келеді.
Әлия Оспанова, «Қазгидромет» РМК орталығының жетекші инженер-синоптигі:
Оңтүстіктен шыққан жылы ауа массаларына байланысты ауа температурасы көтерілді. Батыс және оңтүстік өңірлерде күн жылиды. Солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерімізде ауа температурасы жоғарлайды.
Дегенмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Себебі, көктемге бірнеше күн бар. Сондықтан әзірше алыс сапарға шығудан бас тарта тұрғаныңыз жөн.
Айдана ҮСЕНБАЙ