Мұндай оңды өзгерістерді Шығыс Қазақстан облысы бойынша моноқалалар қатарына енген Риддер, Курчатов, Зырян және Серебрянскіден байқауға болады.
Зырян қаласында 38 мыңға жуық халық тұрады. Олардың басым бөлігі негізгі ырзығын тау-кен өнеркәсібінен тауып отыр. Моноқалалар тізіміне енгеннен бері шағын шаһар шырайланып, тірлігі түзеле бастапты.
Бекзат Саниязова, Зырян қаласының тұрғыны:
Қаланың көшелері жөнделді. Қазір көліктер жақсы жүріп жатыр және көшелерде тротуарлар жөнделді. Енді әдеміленіп келе жатыр. Жастарға, балаларға арналған орындар салынуда. Бұл спорттық алаңдар, корттар.
Тоқырау кезінде тоз-тозы шығып, әлеуметтік жағдайы әлсіреген қала қазірде біршама әдеміленіп қалыпты. «Қарлығаш» деп аталатын жаңа балабақша салынған. Көшелердің барлығына жарық тартылған. Кезінде құрылысы аяқталмай қалған екі көпқабатты тұрғын үйде қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халықтың игілігіне берілді. Ескі үйлер де жаңартылып, шаһардың сәулетіне сән қосып тұр.
Берік Көшербаев, тілші:
Зырян қаласында өткен ғасырдың ортасында іргетасы қаланған екі қабатты үйлер көп. 2013 жылы олардың 3-і терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделіп, жаңа келбетке ие болды. Биыл осы бағдарлама бойынша тағы 20 үй жөнделеді деп жоспарланған.
Былтыр Зырян қаласына шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша бюджеттен 658 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражаттың 70 пайызы коммуналдык желілерді жаңартуға және қала ішіндегі жолдарды жөндеуге жұмсалған. Ал ең ірі жоба шаһарды жылумен қамтамасыз етіп тұрған орталықта жүзеге асырылуда. Мұнда тағы бір қазандық және электр энергиясын өндіретін екі турбогенератор орнатылып жатыр.
Зырян мен Серебрянскіде шағын және орта бизнесті өркендетуге көп көңіл бөлінген. Мемлекеттен грант немесе шағын несие алып, бизнеспен айналысуға бел буған адамдар саны артқан. Надежда Лиханова жиһаз жасау саласын таңдапты.
Надежда Лиханова, кәсіпкер:
Мұның барлығы біздің отбасылық бизнесіміз деп айтуға болады. Күйеуім, ұлым, қызым, күйеубалам, бәріміз осы салада жұмыс істеп жатырмыз. Немерелерімді де ақырындап кәсіпкерлікке баули бастадым.
10 мыңға жуық халқы бар Серебрянск қаласының тірлігі мұндағы бейорганикалық өндіріс зауытымен тығыз байланысты. Бірақ, соңғы жылдары бұл кәсіпорынның жұмысы тұралап қалған. Зауыттың жұмысы жанданса, қаланың даму жолы да жарқын болмақ.
Ермак Салимов, Зырян ауданының әкімі:
«Қазақстан инжиринг» АҚ басқармасының төрағасы келіп, кәсіпорынның жағдайымен танысты. Олардың көмегімен осы зауыттың жұмысын жандандыру жөнінде қажетті келіссөздер жүргіздік. Бұдан бөлек, осы кәсіпорын негізінде басқа да бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері бар. Оларды да талқыладық. Жақын арада бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын.
Бұдан бөлек тағы бір ірі жоба бар. Тұрғысын өзенінде шағын ГЭС салу көзделген. Оның құрылысы алдағы сәуір айында басталады деп жоспарланған.
Берік КӨШЕРБАЕВ