Биылғы жылы нәзік жандыларға көрсетілетін зорлық-зомбылық фактілері 10 пайызға азайған.
Десе де, арқаны кеңге салып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. «Мұндай жағымсыз жайттарды түбегейлі жоюымыз керек», дейді мамандар.
Зәуреш Таңғышбаева 18 жыл бойы күйеуінен күн сайын болмаса да, аракідік соққы жеп жүрген жан. Отбасы, ошақ қасындағы ұрыс-керістің соңы күш қолдануға, одан қалса, соққыға жығуға ұласқан.
Тіпті, 4 баланың анасы ерінің аяусыз соққысының салдарынан 3 рет ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізіліпті. Одан да сорақысы, балалары әке мейірімін көріп емес, таяқтың ащы дәмін сезіп өсіп келеді.
Шахнұр Омарәлі:
Әкем арақ ішіп, анамды ұрады.
Зәуреш Таңғышбаева,Тараз қаласының тұрғыны:
Қызым күйеуім үйге келетін уақытта мені ұйықтап қалды деңізші деп, қатты қорқады. Сабақ бітіріп, оқуға кетсем екен деп жылайды. Үйден қашып кете ме, жаман жолға түсіп кете ме деп қорқамын. Сол үшін өзім келдім.
Елімізде өткен жылы сенім телефондарына 14 мыңға жуық қоңырау келіп түссе, 37 мыңнан астам әйел жапа шеккендігі жайлы шағымданған. Оның 3,5 мыңы дағдарыс орталықтарына жіберілді.
Қазіргі уақытта республика бойынша әйелдерге көмек көрсетуге арналған 246 сенім телефоны жұмыс істейді. Сондай-ақ, 28 дағдарыс орталығы қызмет көрсетуде. Осындай ілкімді істердің нәтижесінде жылдан-жылға зорлық-зомбылық мөлшері қысқаруда.
Светлана Иманбаева, Астана қалалық ІІД аға инспекторы:
Былтырғы жылы 55 мың қорғау нұсқамасы жазылып, 1 267 адам жауапкершілікке тартылды. 2013 жылы 300-ден астам кездесу мен тренинг өткіздік. Ең бастысы, дағдарыс орталығы жапа шегуші кез келген әйелді тұрғылықты мекен жайына да қарамай қабылдай береді.
Айта кетерлігі, барлық зомбылыққа ұшырған әйелдердің дағдарыс орталықтарында жарты жылға дейін тегін өмір сүріп, психолог мамандардан кеңес алуына мүмкіндік бар.
Оның үстіне, отбасы мүшелерін тәртіп сақшылары бақылауда ұстайды. «Білегіне сеніп, күш көрсетіп, отбасының шырқын бұзатын еркектерге жаза қатаңдатылмақ»,- дейді мамандар. Сонда ғана Зәуреш Таңғышбаева сынды соққыға ұшыраған әйелдер қорғансыз қалмайды.
Индира БЕГАЙДАР