Семейде «Кедергісіз мұражай» жобаcы іске асырылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде «Кедергісіз мұражай» жобаcы іске асырылуда

12.02.2014
Семейде «Кедергісіз мұражай» жобаcы іске асырылуда
 
Семейде мүмкіндігі шектеулі жандарды жан-жақты қолдау мақсатында түрлі шаралар іске асуда. Солардың бірі Невзоровтар отбасылық мұражайында қолға алынды.
 
«Кедергісіз мұражай» деп аталатын жоба шеңберінде мәдени ошаққа келетін, құлағы нашар еститіндер мен өздігінен жүріп-тұра алмайтындарға қолайлы жағдай жасалды. Қанатқақты жоба Қазақстанда тұңғыш  рет қолға алынып отыр.
 
Мұражайдың БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлескен жобасы арқасында бірнеше жеңілдіктер пайда болды. Мәселен, құлағы нашар еститіндер арнайы «аудиогид» бағдарламасы орнатылған  планшеттерді қолданып, кез-келген картина туралы ақпарат тыңдай алады.
 
Ал, есту қабілетінен мүлдем айырылған жандар үшін сурдоаударма жасалған бейнефильм ұсынылған.
 
Ержан Жақып, тілші:
Мұражайдың кіреберісінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын адамдар үшін арнайы 3D мониторлар қойылған. Бұл арқылы жоғарғы қабаттарға көтерілмей-ақ, кез-келген өнер туындысын тамашалауға болады.
 
Рауан Қалиев, БҰҰ Даму бағдарламасының компонент менеджері:
Елбасы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру керектігі туралы айтылды. Бұл мәселемен тек қана мемлекеттік органдар ғана емес, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік емес ұйымдар да шұғылдануы керек.
 
Мұндай жеңілдіктердің пайда болғандығына мүмкіндігі шектеулі жандар шексіз риза. Бұрын есту қабілеті нашар әрбір адам мұражайға келгенде қиындыққа тап болатын. Енді «Кедергісіз мұражай» жобасы  бұл бөгеттерден арылтпақшы.
 
Арайлым Қозы-Көрпеш, есту қабілеті нашар балаларға арналған интернат оқушысы:
Бұл жоба маған өте ұнады. Осы арқылы мен көптеген суретшілердің шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алатын болдым. Өзім де  сурет салғанды өте жақсы көремін.
 
Ал мұражай қызметкерлері болса, мүмкіндігі шектеулі жандарға қалтқысыз қызмет көрсетуге толық мүмкіндігіміз бар  дейді.
 
Эльвира Халитова, Невзоровтар отбасылық өнер мұражайының ғылыми қызметкері:
Қазір бізге келген мүгедек адамдарға, коллекцияны толығымен көрсетуге мүмкіншілігіміз бар.
 
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған шара жалғыз бұл ғана емес. Қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығында да «Кедергісіз ақпарат» жобасы қолға алынды. 
 
Онда мүгедектерге арнайы орындық үстелдер, мүгедек арбасы қойылды. Есту қабілеті төмен жандарға арналған дыбыс зорайтқыш, нашар көретіндер үшін электронды ұлғайтқыш  орнатылды. Сондай-ақ, мүгедек жандарға арнайы мамандар қызмет көрсетеді.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу